Қазақстанның Ақпараттық доктринасы бекітіледі

14 Желтоқсан 2022, 17:13 1460

Құжатты ашық талқылау 29 желтоқсанға дейін жалғасады

Үкімет «Ашық» НҚА порталында Президент Жарлығының жобасын жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Ақпараттық доктрина отандық ақпараттық саланы дамыту жөніндегі көзқарастар мен қағидаттар жүйесін, оның ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру тетіктерін айқындамақ. Сонымен қатар, қоғамның мүдделеріне жауап беретін және мемлекеттің одан әрі дамуына ықпал ететін идеялық құндылықтықтарды бекітеді.

Құжатта көрсетілгендей, доктрина ақпараттық-коммуникациялық салада мемлекеттік саясатты қалыптастыруда және қоғамдық қатынастарды дамытуда негізгі құжат болады.

«Доктринаның - мақсаты отандық ақпараттық саланы дамыту үшін жағдай жасау және ҚР ақпараттық егемендігін қамтамасыз ету шараларын әзірлеу. Сонымен қатар, ол медиалық процестің барлық субъектісіне тең жағдай жасауға және олардың құқықтарын іске асыруға, сөз бостандығын қамтамасыз етуге, конституциялық құқықтардың сақталуын ескере отырып, заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпарат алуға және оны таратуға, сондай-ақ ақпараттық процеске қатысушының арасында сенім деңгейін арттыруға бағытталған. Доктринаның негізгі бағыты - ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен сыртқы сын-қатерлерге, тәуекелдерге уақтылы ден қоюды көздейді», - деп жазылған Үкімет қаулысында.

Құжатқа сәйкес, отандық БАҚ-та сапалы контентті қалыптастыру мен оған сұранысты арттыру маңызды. Сондай-ақ, шетелдік ақпараттық өнімдерге тәуелділікті азайтуға ден қою қажет. Ол үшін мынадай шаралар ұсынылады:

- жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл жөніндегі тетікті күшейту және сыртқы ақпараттық қатерлерді нивелирлеу;

- халықтың сыни ойлауын қалыптастыра отырып, талдамалы мазмұны бар контентті дамыту қажет;

- мемлекеттік органдардың коммуникативтік саясатының моделін жетілдіру. Барлық мемлекеттік менеджерді, баспасөз қызметкерлерінің және қоғаммен байланыс бөлімі мамандарының біліктілігін үздіксіз арттыру;

- мемлекет иелігіндегі ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету;

- отандық ақпараттық өнім өндірушілердің сыртқы нарыққа шығуын ынталандыру.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дерегіне сай, доктринаны іске асыру жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылдың мемлекеттік тетігін жетілдіруге, стратегиялық коммуникациялардың тиімді жүйесін құруға және қазақ мәдениетінің жан-жақты дамуы мен Қазақстандағы азаматтық бірегейлікті нығайтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Құжатты ашық талқылау 29 желтоқсанға дейін жалғасады. Кейін түпкілікті бекіту үшін Мемлекет басышысына қол қоюға жолданады.

EL.KZ
Бөлісу: