Тәжікстандық студенттер Марғұлан университетінде білім жетілдіруге келді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Марғұлан университеті шетелдік жоғары оқу орындармен әрдайым тығыз байланыста. Жақында С. Айни атындағы Тәжікстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 5 студенті білімдерін жетілліру мақсатында Марғұлан университетіне келді.
Павлодарлық оқытушылар мен студенттер тәжік елінен келген білім алушыларды қазақтың салт-дәстүріне сәйкес – домбырамен ән салып, ұлттық тағамымыз бауырсақпен қарсы алды. Тәжікстандық жастар «Шет тілі: екі шет тілі» және «Көркем еңбек, графика және жобалау» білім беру бағдарламаларымен 30-шы мамырға дейін білім алады.
Шетелдік студенттер жатақханада орналасып, оқу үдерісіне тез араласты және оқытушылар университет ғимараттарына экскурсия өткізді. Марғұлан университеті зерттеулерді қолдау департаменті интернационалдандыру бөлімінің маманы Айжан Шапкенованың сөзінше, жастар академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білімдерін жетілдіруге келді.
Марғұлан университеті шетелдік жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істейді. Басты мақсаты - академиялық тәжірибе алмасу және ағылшын тілін меңгеру деңгейін жаңа сатыға көтеру. Студенттер бакалавриат бойынша 1-3 курста білім алады. Шетелдік білім алушыларға Марғұлан университетінің тәжірибелі оқытушылары жаңа әдістеме, жаңа бағдарлама бойынша білім беретін болады. Ал «Көркем еңбек, графика және жобалау» мамандығы бойынша келген студенттер университеттің шеберханаларында тәжірибе жөнінде өздерінің шеберліктерін шыңдайды, – дейді Айжан Шапкенова.
Айта кету керек, Марғұлан университетінің студенттері әртүрлі халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламаларының белсенді қатысушылары. Мәселен, жыл басынан бері 18 студент басқа үздік жоғары оқу орындарында білім алуда. Оның ішінде сегіз студент ішкі бағдарлама бойынша оқиды.
Олар: Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Ә.Қ.Құсайынов атындағы Еуразиялық гуманитарлық институты, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Семей қаласындағы Шәкәрім университеті сынды жоғары оқу орындарына жолдама алды. Ал он студент Өзбекстан, Түркия, Мажарстан сынды елдердің үздік оқу орындарына жіберілген.