Жыл басынан бері құны 1 миллиард теңгеден асатын тауарды Қазақстанға заңсыз өткізбек болған. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
«2023 жылдың басынан бері Қазақстан шекарасы арқылы жалпы құны 1 млрд 390 млн теңгеден асатын халық тұтынатын тауарларды, автокөлік бөлшектерін, темекі бұйымдарын және басқа да тауарларды заңсыз тасымалдаудың 143 фактісі тоқтатылып, 1019 құқық бұзушы ұсталды. Атап айтқанда, Таразда заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырды деген күдікпен шетел азаматы анықталып, ұсталды», - делінген хабарламада.
Талдықорған қаласында полицейлермен бірлесіп екі қазақстандық ұсталып, олардан 222 ақбөкен мүйізі тәркіленді. Ал Жамбыл облысы Меркі ауылында Қазақстан азаматы ұсталып, сегіз келі «гашиш» есірткі табылып, тұрғылықты жерінен тәркіленді.
«Жаңажол (Солтүстік Қазақстан облысы) және Қордай (Жамбыл) өткізу бекеттерінде құны 160 миллион теңгеден асатын автокөлік бөлшектері мен электронды темекілерді заңсыз алып өту әрекетінің жолы кесілді. Барлық фактілер бойынша уәкілетті органдармен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылдың 16 қаңтарынан бастап Астана әуежайында шекарадан өткен Қазақстан азаматтарын тексеріп, тіркейтін Q-Gate автоматтандырылған шекаралық бақылау жүйесі іске қосылды. Заң бұзушылықтар болмаған жағдайда жүйе өз деректер базасында автоматты түрде тіркеуді жүргізетіні атап өтілген. Бұл рәсім үшін Қазақстан Республикасының азаматы төлқұжатын Q-Gate сканеріне дербес тіркейді.