Қазақстанға Нидерландыдан 2 жолбарыс әкелінді

23 Қыркүйек, 10:46 593

Биыл Орман шаруашылығы және жануарлар дүиесі комитеті мен Нидерландының Святой Льва орталығы арасында меморандум жасалды. Меморандум бойынша Нидерландыдан Қазақстанға 2 жолбарысты ақысыз беру және оларды жеткізу туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Нидерланд орталығымен арадағы меморандум Қазақстанда жолбарыстарды өсіру мақсатында бірлескен жұмыстың бастамасы. Ол елімізде биоалуантүрлілікті сақтап қалу және қайта қалпына келтіру жолында маңызды қадамға айналды. Сонымен қатар, бұл құжат табысты халықаралық ынтымақтастықтың үлгісін паш етеді. «Іле-Балқаш» резерватының қарышты дамуы, қайта жерсіндіру бағдарламасының барлық белгіленген жоспарларының нақты іске асырылуы және халықаралық әріптестердің қолдау көрсетуі болашақтағы экологиялық бастамаларға және еліміздің табиғатты қорғау саласындағы жетістіктеріне сенімді негіз қалыптастырады, – деп атап өтті ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.

Жолбарыстар күзетшілердің бақылауымен жүк ұшағы мен тікұшақ арқылы арнайы транспорттық контейнерлерде жеткізілді. Қазіргі уақытта олар «Іле-Балқаш» резерватының қорықтық аймағының шекарасында орналасқан кіші вольерде акклиматизациядан өтуде. Бірнеше аптадан кейін оларды кеңірек вольерлерге шығарады.

Біз өз орталығымыздағы барлық аңдардың болашағы жақсы, мүмкіндігінше олардың табиғи тіршілік ортасына барынша жақын болуы үшін барымызды салуға тырысамыз. Біздің ұйымымыздың басты арманы – жолбарыстардың бұрын өздері мекендеген Қазақстанға қайта оралуы бағдарламасына өз үлесімізді қосу, - дейді Lion Foundation қорының директоры Роберт Крюйфф.

Ауқымды жобаны іске асыру кезінде Қазақстан Республикасының Нидерландыдағы Елшілігі белсенді көмек көрсетті.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: