Қазақстанға келетін шетелдік туристер саны 50 мыңға артқан

27 Қыркүйек, 15:51 319

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Бурабайда өтіп жатқан «Қазақстан саяхат форумына» қатысып, қазақстандықтарды Бүкіләлемдік туризм күнімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Іс-шара аясында министр еліміздің туризм саласын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан мамандарды «Туризм саласына сіңірген еңбегі үшін» және «Туризм саласының үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапаттады.

Іс-шараның ресми бөлігінде Ербол Мырзабосынов сөз сөйлеп, Қазақстан биыл туризм саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті.

Туризм индустриясы еліміздің экономикалық өсімінің маңызды драйверіне айналып келеді. Осы жылдың маусым айында Мемлекет басшысы туризм мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өткізді. Аталған жиында туристік орындарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жолаушылар вагондарының паркін жаңарту, әуе бағыттарын ұлғайту және жаңа туристік нысандарды құру сияқты саланы дамытуға қатысты нақты тапсырмалар айтылды. Биыл біз туризм саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Атап айтқанда, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша орналастыру орындары қызмет көрсеткен ішкі туристер саны 350 мыңға өсіп, 3,4 млн адамды құрады. Шетелдік туристер саны 50 мыңға артып, 566 мың адамға жетті, - деді Туризм және спорт министрі.

Сондай-ақ ведомство басшысы Қазақстанның туристік әлеуеті халықаралық аренада табысты насихатталып келе жатқанын жеткізді.

Мәселен, Conde Nast Traveller сияқты беделді басылымдардың мәліметі бойынша, Қазақстан әлемдік туристік бағыттар бойынша алдыңғы қатарға қосылды.
Биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында Қытайдың ірі қалаларын қамтитын 20-дан астам ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.

Еліміздің туристік имиджін нығайтудағы маңызды оқиғаға айналған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ерекше атап өткен жөн. Этноауылға 250 мыңнан астам адам келіп, іс-шараларға қатысты.
Жалпы, елде туристік белсенділіктің айтарлықтай артқаны байқалып отыр. Бұған Қазақстанның Дүниежүзілік экономикалық форумның саяхаттар мен туризмді дамыту индексі бойынша жаңартылған рейтингте 52-орынға шығуы дәлел.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: