Қазақстандықтардың қанша пайызы кітап оқиды

Бүгiн, 11:51 226

Мемлекет басшысының бастамасымен биыл Қазақстанда алғаш рет Ұлттық кітап күні аталып өтіледі. Мерекелік күнге дайындық аясында 2025 жылғы 14-18 сәуір аралығында EGOV mobile платформасында азаматтар арасында сауалнама жүргізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен 46 190 адам қатысты. Оның ішінде 50.7% әйел және 49.3% ер; 70% қазақ, 18% орыс және 12% басқа этностар; 21% (18-29 жас), 50% (30-45 жас), 22% (46-60 жас), 5% (61 жастан жоғары).

Зерттеу қазақстандықтардың басым бөлігі (57,3%) тұрақты негізде кітап оқитынын көрсетті.

Респонденттердің 31% жылына 1-3 кітап, 26.3% 3 кітаптан артық оқиды. Бұл көрсеткіш – халықтың едәуір бөлігінде оқуға деген қызығушылықтың сақталғанын көрсетеді.

Бұл ретте кітапқұмар нәзік жандылардың саны (58.7%) ер-азаматтарға (55%) қарағанда көбірек екені байқалады.

Оқуға деген қызығушылық жас санатына байланысты да құбылатынын көрсетті: кітап оқуға деген қызығушылық негізінен 18-29 жас аралығындағылар мен аға буын (61 жастан асқан) адамдар арасында  басым. Ал 30-45 жас аралығындағы адамдар салыстырмалы түрде аз оқиды.

Алайда сұралғандардың үштен бір бөлігі (30.6%) уақыттың жоқтығынан мүлдем кітап оқымайтынын мойындады.

Ал жалпы сұралғандардың тек 6.2% кітап оқуға ешқандай қызығушылық жоқ деп көрсеткен.

Тарихи мазмұндағы кітаптар – таңдаулы жанрлар рейтингінің көшбасшысы (26.4%)

Қазақстандық оқырмандар кітап жанрлары арасында тарих, тарихи романдар, өмірбаяндар және публицистикалық кітаптарға басымдық береді (20.5%).

Әрбір алтыншы таңдау – шытырман оқиғалар, махаббат романдары, детективтер (16.3%).

Әрі қарай оқырмандарды қызықтыратын жанрлардың арасында:

Психология, өзін-өзі дамыту кітаптары (15.4%);

Оқулықтар, ғылыми және кәсіби әдебиеттер (8.2%)

Классикалық әдебиет (7.7%);

Ерлер мен әйелдер өздері үшін әртүрлі жанрларды таңдайды.

Ер-азаматтар көбіне – тарихи кітаптар, сонымен қатар ғылыми және кәсіби әдебиеттерді дұрыс көреді.

Ал нәзік жандылар – шытырман оқиғалар, махаббат туралы романдар, детективтер, сонымен қатар психология, өзін-өзі дамыту туралы кітаптарды ұнатады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: