Қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасы ұзарды

5 Қазан 2023, 16:10 2786

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру халықтың өмір сүруінің орташа ұзақтығының 74 жасқа дейін өсуіне әсер етті. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызы мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 4 жылға өсті. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, елімізде денсаулық сақтаудың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің оң серпіні байқалады, - деді ол.

Ажар Ғиниятқызының сөзінше, 2023 жылдың 7 айында былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда халықтың жалпы өлім-жітім көрсеткіші 7,4%-ға төмендеді. Нәресте өлімі 10%-ға азайған.

Сондай-ақ министр медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін қандай шаралар қабылданғанын айтты.

Алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру үшін медициналық көмектің 57%-ын мемлекеттік амбулаториялық-емханалық ұйымдар, 43%-ын жекеменшік ұйымдар көрсетеді, яғни бәсекелестік үшін жеке медицина кеңінен тартылуда. Амбулаториялық деңгейдегі қаржыландыру ұлғайды. 3 жылдың ішінде консультациялық-диагностикалық көмек 7 есе, қымбат КТ қызметтерінің қолжетімділігі 9 есе, МРТ 6 есе өсті. Осы жылдың 6 айында 200 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді, - деді Ажар Ғиниятқызы.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды. Енді 50 адамға дейінгі шағын ауылдарда мейіргер қызмет көрсетеді, ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бірден үш маманға ұлғайтылды.

Мемлекет басшының тапсырмасын іске асыру біздің саламыздың айрықша басымдылығы болып табылады және жүзеге асырылады, - деп атап өтті министр.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: