ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты зерттеу негізінде еліміздегі азаматтардың басты құндылықтарын анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Айгерім Абдірашитова қазақстандықтардың құндылықтарын ретімен атап шықты.
Ең бірінші құндылық – отбасы, екіншісі – жұмыс, үшіншісі – достар. Адамдар өмірін, қоршаған ортасын тек туыстық байланыспен шектемейді. Бұл қоғамдағы сенім индикаторының жоғары екенін көрсетеді. Өйткені одан бөлек, әріптестер, достар бар, - деді ол.
Осы ретте бас сарапшы бос уақыттың болу құндылығы туралы айтты.
Көпшіліктің дамуға, өзіне уақыт арнау, саяхат жасау және өмірін түрлендіруге бағытталған шараларды атқаруға деген қызығушылығы жоғары. Жастар арасында бос уақыттың болуы бастапқыда атап кеткен үш құндылықпен қатар жүреді, - деп сөзін қорытындылады Айгерім Абдірашитова.
Айта кетейік, бұған дейін ҚСЗИ сарапшылары жылды қорытындылап, 2024 жылдың ең маңызды үрдістерін, оқиғалары мен жетістіктерін атағаны жайлы жазған едік.