Қазақстандықтар тапқан табысының 60 пайызын азық-түлікке жұмсайды

18 Қазан 2023, 12:45 1624

Бүгінде қазақстандықтар тапқан табысының 60 пайызын тамаққа жұмсайды. Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутат Анас Баққожаев айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

Еуропаның дамыған елдерінде бұл шығын 11 проценттен аспайды, ал ауыл шаруашылығы әлеуеті бізден бірнеше есе төмен Белоруссия, Молдавия мен Болгарияда  аталған көрсеткіш – 35 пайыз. Санкциядан көз ашпаған ресейліктер бізге қарағанда тамаққа 2 есе аз шығындалады – 32 пайыз. 

Баға тұрақсыздығының негізгі себепкері – жергілікті құзырлы органмен реттелмейтін, көлеңкелі экономиканы «қыздырып» отырған қаладағы базарлар мен оның айналасына ұйымдасқан топ – делдалдар. Шаруаларды зар қақтырып отырған да осылар. Шаруалар қақпаның ішіне кіру үшін бір төлейді, ішіне кіріп көлік орнына тағы да төлейді. Тәшкі, таразы мен түрлі анықтама ақысы тағы бар. Шаруалар базар ішіне кіргенімен, делдалдар қолдан ұйымдастырған қысастық салдарынан тауарын арзанға беріп, ауылға қайтуға мәжбүр болады. Осылайша 1900 теңге тұратын шаруа әкелген сиыр еті делдардар арқасында дастарханымызға 3200, ал 80 теңгенің картобы 250 теңгемен жетеді. Ауыл шаруашылығы өнімінің қай түрін алсаңыз да осы жолмен саудаланады, - деді мәжілісмен. 

Депутат базар айналасы еш мемлекеттік бақылау орнатылмаған алыпсатарлар қоймасына толы екенін айтты. 

Азық-түлік бағасын арзандату үшін жаңа амал, батыл қадам керек. Ол – бар.
Нарықтық экономикада бағаны реттеудің бір жолы – тұтынушы кооперативтерін дамыту. Бұл бағыттағы жұмысты азық-түліктік дүкендерден бастау қажет. Олар басқалардан сатып алған өнімнің үстіне кем дегенде 25-30 пайыз қосымша құн қосып, қайта сатады. Себебі кез-келген кәсіпкерліктің мақсаты пайда табу. Ал егер дүкеннің иесі кәсіпкер емес, тұтынушылардың өздері болса ше? Сену қиын, алайда шетелде мұндай кооперативтік дүкендер баяғыдан жұмыс істеп келеді, - деді Анас Баққожаев.

Мәжіліс депутаты Қазақстанда кооперативтік дүкендер ашуға кеңес берді. 

Бұл кооперативтік дүкендердің мақсаты пайда табу емес – тұтынушыларын арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету. Осы жүйе арқылы азық-түлікке қосылған қосымша құнды төмендетуге болады. Кооперативтік дүкендер құрылса, тұтынушылары көбейіп, кеңейсе, кейін оларды өңірлердегі ауыл шаруашылығы кооперативтерімен, шаруалармен байланыстыра аламыз. Сөйтіп өндірістен шыққан өнім тікелей сатып алушыға ешқандай қосымша құнсыз жететін болады. Бұл азық-түлік бағасының кем дегенде 50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл бағытты дамыту қазіргі нарықтағы бағаны қалыптастыру жүйесіне бәсекелес болып, азық-түлік бағасын реттеуге ықпал жасайтыны анық, - деді депутат.

Миражан Махан
Бөлісу: