Қазақстандықтар Қытайға визасыз бара алады

12 Сәуір 2023, 18:00 2444

Қазақстан мен Қытай екі ел азаматтары үшін визасыз режим енгізбек. Сыртқы істер министрлігі Ашық НҚА порталында "Қазақстан мен Қытай арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы үкімет қаулысының жобасын жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жобада келісім мәтіні таныстырылған. Оған сәйкес, қазақстандықтардың жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды (келісім-шарттар жасасу, келіссөздер жүргізу, консультациялық қызметтер көрсету және басқа да іскерлік мақсаттар) жүзеге асыру мақсатында Қытай аумағына 30 күннен аспайтын мерзімге баруы үшін оларды визалық талаптардан босату жоспарланып отыр. Бұл ретте 180 күн ішінде азаматтың Қытайда болған күндерінің жалпы саны 90 күннен аспауы тиіс.

Сәйкесінше, Қытай азаматтарының Қазақстанда болуы үшін де дәл осындай шарттар қолданылады.

Көрсетілген мерзімнен артығырақ болу үшін азаматтар виза рәсімдеуі тиіс.

Келісімге ҚР президентінің Қытай Халық Республикасына 18-19 мамырға жоспарланған мемлекеттік сапары барысында қол қойылады деп жоспарланған. Құжатқа ҚР премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Қытай Халық Республикасы сыртқы істер министрі Цинь Ган қол қоюы тиіс.

"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қою екі ел азаматтарының сапарлар рәсімдерін жеңілдете отырып, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тығыз ынтымақтастықты дамыту әрі ұлттық паспорттардың иелері үшін жеңілдетілген визасыз тәртіп орнату жобаны қол қоюдың мақсаты болып табылады" делінген құжаттың түсіндірме жазбасында.

Қаулы жобасы 19 сәуірге дейін жария талқыға ұсынылған.

EL.KZ
Бөлісу: