Қазақстандықтар мемлекеттік органдарға қаншалықты сенім артады

11 Мамыр 2023, 10:40 973

2022 жылы Қазақстандағы өңірлік теңсіздікті зерттеу нәтижелері бойынша халықтың әл-ауқатына әсер ететін маңызды факторлардың бірі ретінде мемлекеттік органдарға, ұйымдар мен институттарға сенім деңгейі айқындалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Экономикалық зерттеулер институты ұсынған деректерге сәйкес, еліміздің мегаполистері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында мемлекеттік органдарға сенімнің төмен деңгейі байқалады.

Зерттеу барысында халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімі, сыбайлас жемқорлық және халықтың Үкіметтің іс-әрекетіне ықпал ету мүмкіндіктері арасындағы корреляциялық қатынастар анықталды:

сыбайлас жемқорлық деңгейі неғұрлым жоғары болса, мемлекеттік органдарға, әсіресе полицияға (r=-0,239), әкімдікке (r=-0,238), сотқа (r=-0,234) сенім деңгейі соғұрлым төмен болады;

күнделікті сыбайлас жемқорлық деңгейі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым мемлекеттік органдарға: саяси партияларға (r=-0,261), мәслихаттарға (r=-0,254), сайлауға (r=-0,253), соттарға (r=-0,249) сенім деңгейі төмендейді;

халықтың үкіметтің іс-әрекетіне әсер ету мүмкіндігі неғұрлым көп болса, халықтың мемлекеттік органдарға, әсіресе сайлауға (r=0,279), мәслихаттарға (r=0,273), парламентке (r=0,272), әкімдікке (r=0,267), үкіметке (r=0,257) деген сенімі соғұрлым жоғары болады.

Экономикалық зерттеулер институтындағы сарапшылардың пікірінше, халықтың мемлекеттік органдарға сенім деңгейінің төмендеуіне сыбайлас жемқорлықтың жоғары көрсеткіштері әсер еткен. Сондай-ақ тұрғындардың сайлауға қатысуы мен саяси шешім қабылдау белсенділігі төмен.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: