Қазақстандықтар МӘМС үшін қанша теңге төлейді?

10 Қаңтар, 19:46 958

2024 жылдың басынан бастап ең төменгі жалақының жаңа мөлшерін бекітуге байланысты МӘМС үшін жарналар мен аударымдар сомасы өзгерді. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорының елордалық филиалы мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Жұмыс берушілер қызметкер үшін жалақының 3% мөлшерінде аударымдар жүргізеді, бұл ретте салық салынатын ай сайынғы табыс 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 000 теңге) аспауы тиіс, яғни жұмыс берушінің аударымдарының ең жоғары ықтимал сомасы айына 25 500 теңгені құрайды.

Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, оларды жұмыс беруші кәсіпорын есебінен төлейді.

Жалдамалы жұмыскерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы (АҚС) шарт негізінде қызмет көрсететін жұмыскерлер МӘМС-ке ай сайынғы табысының 2% мөлшерінде жарна төлейді. Салық салу объектісі барлық жұмыс орындарынан айына 10 ЕТЖ-дан (2024 жылы 850 000 теңге) аспауы тиіс, яғни қызметкердің жалақысына қарай, төлейтін ең жоғары жарна - 17 000 теңге.

Егер адам екі ұйымда жұмыс істесе, онда жарналарды төлеу кезінде шекті табыс барлық жұмыс орындарынан жиынтықта ескеріледі. Мысалы, қызметкердің жалақысы 600 000 теңге. Сонымен қатар, ол біреуге АҚС шарты бойынша қызмет көрсетеді және 350 000 теңге алады. Жалпы табыс 950 000 теңгені құрайды, яғни 10 ЕТЖ-дан асады. Бұл жағдайда бір жұмыс орнында қызметкерден жарналар толық мөлшерде ұсталуы тиіс: мысалы, 600 000 * 2% = 12 000 теңге. Ал екіншісінде – максималды төлемнің қалған бөлігі ғана.

Екінші жұмыс беруші жарна мөлшерін дұрыс есептеуі үшін қызметкер оған аударылған жарналар туралы бірінші жұмыс орнынан анықтама беруі керек. Әйтпесе, мұндай анықтама болмаған жағдайда екінші жұмыс орнынан жарналар толық мөлшерде ұсталады, яғни артық төленген сома қалыптасады.

Бірыңғай жалақы төлемі бірқатар салық төлемдерін есептеудің стандартты әдісіне балама деп аталады – бұл жалақыдан бес төлемді біріктіреді:

міндетті зейнетақы жарналары;

әлеуметтік аударымдар;

МӘМС жарналары;

МӘМС-ке аударымдар;

жеке табыс салығы.

Бірыңғай төлемді ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін оңайлатылған декларация және арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін ЖК (жеке кәсіпкер) және шағын және орта бизнестің заңды тұлғаларына пайдалануға рұқсат етіледі.

2024 жылы Бірыңғай төлем мөлшерлемесі еңбекақы төлеу қорының 21,5%-ын құрайды. Бірыңғай төлемді төлеу ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмей Мемлекеттік корпорацияның шотына бір төлеммен жүргізіледі.

ЖК өз кезегінде МӘМС үшін 1,4 еселенген ЕТЖ-дан 5% төлейді. 2024 жылы бұл сома 5 950 теңгені құрайды.

Егер жеке кәсіпкер есептілікті «нөлмен» тапсырса, бірақ өз қызметін ресми түрде тоқтатпаса, онда ол Салық кодексі талап еткендей жарналарды төлеуді жалғастыруы керек екенін есте ұстаған жөн. Әйтпесе, қарыз қалыптасады.

Бірыңғай жиынтық төлем кәсіпкерлік қызметті ЖК ретінде тіркеусіз жүзеге асыратын бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар үшін уақытша 5 жылға (2019 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін) енгізілді. Тиісінше, биылдан бастап БЖТ болмайды. Сондықтан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәртебені екі жолмен ала алады:

- жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жарналарды жеке кәсіпкер ретінде төлеу;

- жарналарды дербес төлеуші ретінде жүргізу.

Дербес төлеушілер үшін жарналардың мөлшері мынадай формула бойынша есептеледі: 1 ЕТЖ-дан 5%, яғни 4 250 теңге.

Филиалда сақтандырылмаған азаматтар МӘМС жүйесінің қатысушысы болудың ыңғайлы және тиімді тәсілін пайдаланып, жарналарды болашақ 12 айда дербес төлеуші ретінде төлей алатынын еске салды. Бұл жағдайда әр ай үшін төлемді жеке-жеке жүргізу маңызды. Бұл жағдайда өткен айлардағы қарыз, егер бар болса, жойылады.

Төлемді Екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі, «Қазпошта» АҚ, Қазақстан Халық банкінің, ЦентрКредит Банкінің және Kaspi Bank мобильді қосымшалары, өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары (Qiwi, Kassa24 және т.б.) арқылы аударуға болады.,

Оны бірнеше жолмен тексеруге болады:

- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайты fms.kz (төменгі оң жақ бұрыштағы терезе);

- Электрондық үкімет сайты egov.kz (Жеке кабинетте және «денсаулық сақтау» бөлімінде);

- Telegram-дағы Saqtandyru-bot («Сақтандыру мәртебесін анықтау» негізгі мәзірінде);

- Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы («Сақтандыру мәртебесін анықтау» негізгі мәзірінде);

- Бірыңғай байланыс орталығы 1414;

- Damumed мобильді қосымшасы.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: