Қазақстандықтар 8 наурыз қарсаңында гүл сатуға тыйым салу туралы бастама көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Liter.kz ақпаратынша, 8 наурыз мерекесінен кейін OLX секілді жарнама платформаларында сыйға тартылған гүлдерді төмен бағамен сату туралы ондаған хабарландыру пайда болды. Қазақстандық белсенділер бұл үрдіске қарсы бірқатар шараларды енгізуді ұсынды. Олардың бірі – мереке қарсаңында және 8 наурыз күні гүл сатуға тыйым салу немесе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті бап енгізіп, сыйға берілген гүлдерді сатқаны үшін айыппұл салу.
Facebook қолданушыларының бірі бұл мәселені тамырымен жоюды ұсынып:
Қазақстандағы барлық гүлдерді Қызыл кітапқа енгізіп, сатуға және кесіп алуға тыйым салу керек. Оның орнына сыйлыққа беру дәстүрін қазіргі заман талабына сай, менталитетімізге жақын форматқа өзгерту қажет, – деп жазды.
Бұл ұсыныс желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Кейбіреулер гүлдер мен басқа да сыйлықтардың шынайы құндылығын жоғалтқанын айтып, бастаманы қолдайтынын білдірді:
Бұл бастама экологияны қорғау, сыйлықтың құндылығын арттыру және қазіргі заманға сай жаңа мәдени дәстүр қалыптастыру мақсаттарын көздейді. Бірақ мұндай өзгерістер қоғам тарапынан кеңінен қолдау тапқан жағдайда ғана жүзеге асуы мүмкін.