Қазақстандықтар 25 қазанда күннің тұтылу құбылысын көре алады

22 Қазан 2022, 10:21 3094

Болжаушылар күн тұтылғанға дейін және одан кейін 3 күн бұрын аса маңызды шаруаларды қолға алмауға, жоспарламауға үндейді

Қазақстанның барлық аумағында 25 қазанда күннің жартылай тұтылу құбылысы көрінеді, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Ай күнді 60-80% жауып тұрған қазіргі күн тұтылуы 2004 жылдың 14 қазанындағы күннің жартылай тұтылуының қайталануы. Ай мен Күн тұтылуының алдыңғы ретпен қайталанатын бұл уақыт аралығы (шамамен 18 жыл) астрономияда «сарос» деп аталады. Сондықтан сарос арқылы келесі тұтылу 2040 жылдың 4 қарашасында қайталанады», - дейді В.Г. Фесенкова атындағы астрофизика институты директорының орынбасары Рашит Валиуллин.

Институт мамандары еліміздің бірнеше өңіріне күннің тұтылу уақытын есептеп шығарды. Күн тұтылуының максималды фазасы Астанада байқалады. Елордада күн тұтылу 16:06-да басталып, максималды фразаны (83%) елорда тұрғындары сағат 17:17-де көре алады. Алматыда күн тұтылуының басталуы жергілікті уақыт бойынша сағат 16:26-да, 17:35-те максималды фазасы басталады - 76%, Петропавлда (80%) – сағат 17:08-де, Павлодарда (79%) – 17:18-де, Оралда (71%) – сағат 16:00-де, Атырауда (69%) - 16:07-де, Шымкентте (69%) - 17:32-де.

«Бұл таңғажайып астрономиялық құбылысты көру қабілетімізге зиян келтірмей бақылау үшін сақтық шараларын сақтау қажет. Күн тұтылуын экран проекциясы арқылы бақылаған дұрыс. Сонымен қатар күңгірт сүзгі немесе дәнекерлеуші көзілдірігі арқылы күнге тікелей қарауға болады»,- деді Р. Валиуллин.

Астрологтардың «қара күнге» қатысты болжамдарына келетін болсақ, күн тұтылуы әрқашан жаңа нәрсенің басталуын болжайды. Бұл бастамалардың энергиясы. Бұл күн тұтылуы эмоцияларға, агрессияға күшті әсер етуі мүмкін. Болжаушылар күн тұтылғанға дейін және одан кейін 3 күн бұрын аса маңызды шаруаларды қолға алмауға, жоспарламауға үндейді.

Бөлісу: