Қазақстандық жас ғалым полиэтиленге эко-балама әзірлеп жатыр

18 Тамыз 2023, 18:38 1089

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың болашағы зор жас ғалымы Нариман Қайырбеков "Табиғи полимерлер негізінде биологиялық ыдырайтын материалдарды әзірлеу" атты жоба бойынша еңбектенуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қарапайым сөзбен айтқанда, полиэтилен пакеттерінің баламасын жасау арқылы қоршаған ортаның ластанудан қорғап, әлемдік мәселені шешуге ұмтылуда.   Полиэтилен пакеттері көптеген ғасырлар бойы биологиялық түрде ыдырамайтыны анық. Осылайша тұрақты ластануға әкеледі. 
Мәселенің  өзектілігін түсінген Нариман Қайырбеков мектепте оқып жүріп, осы мәселені шешу  жолдары туралы ойлаған.

Қазір жас ғалым тақырыпты толыққанды зерделеу мен эксперименттік зерттеулер сатысында екен. 

Мен крахмал немесе целлюлозадан биоматериал жасауға тырысамын. Қолданғаннан кейін оларды ыдырату үшін суда еріту жеткілікті. Қазір материалдың икемділігімен жұмыс істеудемін. Менің арманым қазақстандық өндірісте биологиялық ыдырайтын өнімді жасап шығару, - дейді Нариман. 

Бүгінгі таңда ЖОО ғалымы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне гранттық қаржыландыру конкурсына қатысуға өтінім берген. Жас ғалым мемлекеттен қаржылық қолдау алған жағдайда,  жобаны толықанды жүзеге асыруды қолға алатыны анық.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: