Қазақстандық университет жапондық оқыту әдістерін енгізеді

5 Қаңтар, 23:48 897

Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ Халықаралық инженерия мектебінің оқытушысы, техникалық ғылымдар кандидаты, қауымдастырылған профессор Қуат Қомбаев Жапон елінде «Жапондық үлгідегі инженерлік білім беру арқылы өнеркәсіпте жоғары деңгейдегі адам ресурстарын дамыту» Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) бағдарламасы бойынша біліктілігін арттырып келді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Берілген оқу курсының мазмұны мен ұсынылған механизмдері Жапон елінің жетекші ұйымдарымен арнайы бірлесіп жасалғанын айта кету керек. Осының арқасында бағдарлама әртүрлі ұйымдардың сұранысын қанағаттандырады және әртүрлі өзекті мәселелердің шешімін табуға тиімді көмектеседі.

Тәжірибелі инженерлік білім, оқыту әдістері, оқу бағдарламалары және өндірістік, ғылыми және мемлекеттік салалар арасындағы біріккен кейстер саласындағы Жапон елінің тәжірибесін зерттеу өте пайдалы.

«Қазақстаннан, Түрікменстаннан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және Молдовадан келген әріптестермен бірге Жапонияның болмысымен, мәдениетімен, дәстүрімен және даму тарихымен таныстық. Мысалы, TOYOTA кәсіпорындық технологияларының мұражайына барып, компанияның тоқыма білдегін өндіруінен бастап әлемдік атағы бар озық машина жасау технологияларына дейінгі тарихын көрдік. Осы бағдарламаның қатысушыларының барлығы Токио JICA орталығы өткізген іріктеуден өтіп, соңында "Successfully completed the Japanese Language Course" Chubu Center, Japan International Cooperation Agency» сертификатын алдық – деп Қуат Қомбаев өз әсерімен бөлісті.

Оқу курсы әр түрлі бөлімдерден құрылып, Миэ университетінің политехникалық факультетінде (Цу қаласы, Миэ префектурасы) оқытылды: жапон үлгісіндегі инженерлік білімге шолу, техникалық колледждер мен инженерлік университеттердегі оқу бағдарламалары және оқыту әдістемесі. Дәрістер мен мысалдардың көбі инженерлік білім саласындағы мәселелермен және ағымдағы жағдайлармен, біздің еліміздегі осындай біліммен және өндірістің арасындағы байланыспен ұштасып отыр. Жапондық тәжірибенің осы бағытты ұтымды дамытуға көмегі тию де әбден мүмкін.

Қуат Қомбаев, Жапон елінің инженерлік білім беру ерекшеліктерін зерделегеннен кейін оның міндеті – алған тәжірибесін ШҚТУ-дағы, сондай-ақ Қазақстандағы білім сапасын көтеру үшін қолдану деп санайды.

Оның жоспарында Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ мен Миэ университеті екеуі бір-бірінен үйренетін, бірге өсіп дамитын бірлескен диалог пен қызметтесу арқылы өзара тиімді қарым-қатынас орнату негізінде екі университеттің арасында халықаралық ықтымақтастықты жақсарту.

Перизат Саденова
Бөлісу: