ҚазҰӨУ студенттері Берлинде өткен беделді симфониялық оркестрлер фестивалінде өнер көрсетті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қазақ ұлттық өнер университеті студенттерінен құрылған «Еуразиялық симфониялық оркестр» және Домбырашылар ансамбілі Берлинде өткен «Young Euro Classic» фестиваліне қатысты.
Іс-шара 2000 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді және әлемнің түкпір-түкпірінен ең үздік жастар симфониялық оркестрлерін жинайды.
Фестиваль дирекциясының шақыруы бойынша ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің қолдауымен биыл оған ҚазҰӨУ Еуразиялық студенттік симфониялық оркестрі қатысты. Концертті еуропалық көрерменмен бірге Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов, дипломатиялық корпустың мүшелері және Берлиндегі қазақ диаспорасының өкілдері тамашалады.
Берлин қаласындағы Концертхаусте 2016 жылы жоғары деңгейде қойылған фестиваль дебютынан кейін Қазақ ұлттық өнер университеті Еуразиялық студенттік симфониялық оркестрінің екінші рет осы сахнаға шығуы еді.
Концерттің көрермендерге ерекше қызық болғаны композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» поэмасы. Бұл шыгарма бұрын халық аспаптар оркестрі мен симфониялық оркестрлермен орындалып жүрсе, бүгін ,осы концертте "Шабыт" домбырашылар ансамблі мен симфониялық оркестрімен қосылып тұңғыш рет орындалып, дыбыстарының үйлесімі орталық еуропалық тыңдарман үшін бұрын естілмеген,жаңа дыбыс үйлесімін тарту етті.
Әрине, фестиваль қатысушыларын қазақстандық жас музыканттардың репертуарындағы Роберт Шуман немесе Антонин Дворжактың шығармаларын виртуоздық орындауы таң қалдырды.
Көрермендер қазақстандық музыканттардың өнерін жоғары бағалады, әсіресе "Шабыт" домбырашылар ансамблінің орындауындағы "Күй шашу" көрермендерді қазақтың күй өнерінің бірнеше мектептерімен таныстырып таң қалдырса, ҚазҰӨУ Еуразиялық студенттік симфониялық оркестрінің орындауындағы Антонин Дворжактың Сегізінші симфониясы көрермендердің ерекше қошеметіне бөленді.
Концертті EuroArts компаниясы тікелей эфирде көрсетіп,концерттің видео таспасы Arte телеарнасының сайтында 2025 жылдың акпан айына дейін көріп,тамашалауға ашық болады.