Қазақстандық спортшылардың бір аптадағы жетістіктері

17 Маусым, 13:27 793

Туризм және спорт министрлігі ел спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі туралы жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үстел теннисі: Ұлттық құрама спортшысы Кирилл Герасименко Парижде өтетін Олимпиадаға лицензия жеңіп алды. Ол бұл мүмкіндікке көптеген рейтингтік жарысқа қатысып, тұрақты ұпай жинау арқылы қол жеткізді. Герасименко осымен 3-рет Олимпиадада сынға түседі.

Нысана көздеу: Халықаралық нысана көздеу (ISSF) федерациясы барлық Әлем кубогі кезеңінен кейін олимпиадалық рейтингін жаңартып, нәтижесінде Ирина Юнусметова Париж ойындарының лицензиясына қол жеткізді.

Пара үстел теннисі: 8-ші санатта өнер көрсететін қазақстандық спортшы Али Махулбеков XVII жазғы Паралимпиадаға жолдама жеңіп алды.

Пара футзал: Астанада есту қабілеті зақымданған 21 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен сурдо футзалдан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы күміс медаль олжалады.

Пара жеңіл атлетика: Франция астанасы – Парижде ұйымдастырылған  әлемдік гран-при жарысында Дастан Мукашбеков ядро лақтырудан F-36 санатында – күміс, Иван Зелезняк қола медальға ие болды.

Пара жүзу: Францияның Лимож қаласында өткен пара жүзуден әлемдік жарыста Али Тұрғанбеков – күміс, Ерсұлтан Наметуллаев қола медаль жеңіп алды.

Шахмат: Үндістанның Гандинагар қаласында аяқталған 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасындағы әлем чемпионатында Қазыбек Нөгербек алтыннан алқа тақты. Отандасымыз 11 турда 8,5 ұпай жинады.

Велоспорт: Алматыда мәресіне жеткен тас жолдағы велоспорттан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте топ жарды. Жерлестеріміздің еншісінде 6 алтын, 3 күміс және 6 қола медаль бар. 

Дзюдо: Словенияда өткен дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Еуропа кубогінде Шерзод Давлатов алтын жүлде жеңіп атанды.

Аралас жекпе-жек: Асу Алмабаев Лас-Вегастағы (АҚШ, Невада штаты) UFC on ESPN 58 турнирінде жеңімпаз атанды.

Теннис: Григорий Ломакин жұптық сында Монастир (Тунис) ITF турнирінің чемпионы атанды.

Нысана көздеу: Финляндияның Инкоо қаласындағы Гран-при турнирінде ұлттық құрама спортшылары жеті медаль жеңіп алды.

Таеквондо: Люксембургте өткен G-1 санатындағы халықаралық турнирде Самирхон Абабакиров топ жарды. Отандасымыз Париж Олимпиадасында 58 кг салмақта бақ сынайды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: