Қазақстандық құтқарушылар үйінді астынан 85 адамның мәйітін шығарды

14 Ақпан 2023, 19:25 989

Қазақстандық ТЖМ бөлімшелерінің Түркия Республикасында жүргізіп жатқан жұмысы туралы мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ондағы деректерге қарағанда, іздеу-құтқару жұмыстары жүргізіле бастаған күннен бастап Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қайтыс болған 85 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі үйінді астынан шығарылды.

«Қазіргі уақытта Қазақстан ТЖМ құтқарушылары екі елді мекенде іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастыруда. Қираған үйлердің орнындағы үйінділердің арасын ашу жұмыстары жүргізілуде. Құтқарушылар тұрақсыз құрылымдарды бөлшектеу және арнайы кескіштің көмегімен жол тазарту және қирандылардың астынан зардап шеккендерді іздеуді жеңілдету үшін үйінділердің астындағы арматураны кесу жұмыстары жүргізуде. Бұл бетон, арқалықтар және басқа да құрылыс қалдықтарын бөлшектеп, арнайы техникаға жүктеуді жеңілдету үшін жасалады», - деп жазды ведомстводан.


Газиантеп қаласындағы жұмыстар бірінші эшелонмен барған құтқарушылар тәулік бойы екі ауысымда екі учаскеде жүргізілуде. Құтқарушылардың бір тобы тоғыз қабатты ғимаратта жұмыс істеп жатыр. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жерде үйінділердің астынан 4 адам құтқарылды, 27 қаза тапқан адамның денесі шығарылды.

Құтқарушылардың басқа тобы алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жалғасу үстінде, қайтыс болған 24 адамның денесі шығарылды.

«Қазақстанн ТЖМ екінші эшелонмен барған құтқарушылар Түркияға келген сәттен бастап Нурдагы қаласында іздеу-құтқару жұмыстарын тәулік бойы жүргізді. Толығымен қираған ғимаратта қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудио байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстар істеді. Қазақстандық құтқарушылардың үлкен тереңдіктегі үйінділердің астынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін жол ашу жұмыстарын орындап, жедел және сауатты іс-қимылдың, сондай-ақ зардап шеккендерді блоктан шығару бойынша уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесінде көлемі 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш тірі адамды - ер адам мен екі әйелді шығаруға мүмкіндік туды. Адамдар дереу медициналық қызметтерге жеткізілді. Қайтыс болған 11 адамның денесі шығарылды. Зардап шеккен адамдарды іздеуге техникалық құралдар, үйінділерді бөлшектеуге инженерлік техника пайдаланылуда. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жалғасады», - делінген ТЖМ ақпаратында.


Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері зардап шеккен адамдарға тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетуде. Күніне орта есеппен 35-тен астам зардап шеккен адам медициналық көмекке жүгінеді. Олардың ішінде стресстің жедел реакциясымен, тыныс алу жолдарының ауруларымен, сондай-ақ әртүрлі жарақаттармен байланысты аурулар басым.

EL.KZ
Бөлісу: