Қазақстандық оқушылар робототехникадан әлем чемпионы атанды

11 Қазан 2023, 09:15 1480

Қазақстандық оқушылар Сингапурда өткен FIRST Global Challenge робототехникадан ең ірі чемпионатта рекордтық нәтижелерге қол жеткізді, деп хабарлайды El.kzақпарат агенттігі.

Осы жеңісі арқылы ұлттық құрама өткен жылы Женевада алған чемпиондық атағын тағы бір мәрте растады.

Қазақстан құрама командасында Алматы қаласындағы ФМБ НЗМ студенттері Нұрислам Тұрғынбай, Нұрсұлтан Жанзақов, Сергей Гапонов, Дәмелі Шаймерденова және Иманәлі Көксал болды. Ұлттық құраманың бапкерлері - Бекзат Іңкәров пен Нұрдәулет Досмағамбет.

Біз Сингапурға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 200 оқушының ішінен ұлттық кезеңде іріктелген мықты команданы алып келдік. Біздің команданың алдында өткен жылғы Женевадағы тарихи жеңісті қайталау міндеті тұрды және олар  мұны ойдағыдай орындады, ұпай саны бойынша әлемдік рекорд орнатты. Бұдан басқа, командамыз халықаралық ынтымақтастық үшін төрешілердің марапаттарына ие болды, бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Қазақстандағы робототехника жыл сайын халықаралық брендке айналып келеді, - деп бөлісті USTEM Foundation қоғамдық қорының жетекшісі Асылбек Мырзахметов.

FIRST Global Challenge – жыл сайын әртүрлі елдерде өтетін олимпиадалық үлгідегі жаһандық робототехника чемпионаты. Осы жылғы чемпионатқа әлемнің түкпір-түкпірінен 190-нан астам ел қатысты.

Еске салайық, Ұлттық құрама робототехника олимпиадасының іріктеу кезеңдері шеңберінде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жасақталды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: