Қазақстандық оқушылар халықаралық көрмеде беделді марапаттарға ие болды

19 Мамыр, 01:49 704

11-17 мамыр аралығында Лос-Анджелесте оқушыларға арналған дүниежүзілік ғылыми-инженерлік Regeneron ISEF 2024 конкурсы өтті. Қазақстанның үш оқушысы беделді марапаттарға ие болып, 100% нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жобадағы жетістіктері үшін Әбілмансұр Рахметуллаев, Саяжан Жақсығалиева және Әлихан Жарболов түрлі санаттар бойынша үздік деп танылып, жобадағы еңбегін бағалау дипломдарына ие болды.

Сондай-ақ дарынды жас ғалымдар Король Абдулазиз және оның серіктестері қоры атынан «Маухиба» арнайы сыйлықтарына ие болды. Оларға Король Фахд мұнай және минералдар университетінде оқу үшін толық қаржыландырылған білім гранттары табысталды.

Арнайы сыйлық қатысушыларға қаржылық мәселелерге алаңдамай, оқуын жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұл олардың академиялық және ғылыми жұмыстарға назар аударуы үшін мүмкіндік.

Айта кету керек, Regeneron ISEF – 70-тен астам елден 2000-ға жуық қатысушының басын қосып, оларға өздерінің инновациялық әзірлемелерін көрсетуге және дүние жүзіндегі әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін ауқымды шара.

Зарина Арман
Бөлісу: