Қазақстандық оқушылар EJOI-2024 олимпиадасында 4 медаль жеңіп алды

21 Тамыз, 00:27 723

Қазақстандық оқушылар EJOI-2024 информатикадан еуропалық жасөспірімдер олимпиадасында екі алтын, күміс және қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Молдовада EJOI-2024 информатикадан еуропалық жасөспірімдер олимпиадасы өз мәресіне жетті. 

Оқу-ағарту министрлігі биыл бұл жарысқа 50 елден келген 200-ге жуық оқушы қатысқанын айтты. Олимпиада екі күнге созылды. Қатысушылар күн сайын үш тапсырмадан орындаған, әр жинақ үшін төрт сағат қана берілді. 

Қазақстан құрамасы 100% нәтиже көрсетіп, төрт медаль жеңіп алды. Олар:

Алтын медаль – Мансұр Мамадахунов, Қызылорда облыстық С. Шаухаманов атындағы «Білім-Инновация» дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.

Алтын медаль – Жан Анри, Алматы қаласындағы «Республикалық физика-математика мектебінің» 9-сынып оқушысы.

Күміс медаль – Исатай Исмағзи, Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.

Қола медаль – Арнұр Нұрғазин, Семей қаласындағы ФМБ НЗМ-нің 8-сынып оқушысы.

Команданы дайындаған жетекшілер: ACM бас бапкері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Темірлан Сатылханов, Назарбаев Университетінің студенті, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы Альтаир Ашуров.

Естеріңізге салсақ, өткен жылы EJOI-2023 олимпиадасында біздің жас бағдарламашыларымыз бір алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алған болатын.

 

Зарина Арман
Бөлісу: