Қазақстандық оқушылар алғаш рет Германияда өтетін робототехника байқауына қатысады

5 Қараша 2022, 16:08 2682

Республиканың 20 өңірінен оқушылар қатысты

Жыл сайын «ҚазРоботикс» Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника Федерациясы жасөспірімдер арасында робототехнологияның заманауи тетігін дамыту мақсатында жарыс өткізеді. Жарысқа көбінесе мектеп оқушылары қатысады.

Жарыстың талабына сай 10-14, 15-18 жастағы оқушылар биатлон, 14-17,18-23 жас аралығындағылар сумо бойынша сынға түсті. Жарыста Шымкент қаласының атынан шыққан Мыңжасар Иманғали мен Михаш Бейбарыс үздік танылды. Олар білімді беру қызметіне қатысты робот құрастырды.

Михаш Бейбарыс Шымкент қаласындағы №28 гимназияның 11 сынып оқушысы, Мыңжасар Иманғали О.Жолдасбеков атындағы №9 лицейдің 11 сынып оқушысы. Олар 4-5 жылдан бері робототехникамен айналысып, роботты құрастырады.

«Ең алдымен көктемде Шымкент қаласындағы оқушылар арасында лиганың региональды кезеңі өтті. Лигаға 2 адамнан құралған 7 команда қатысты. Біздің құрама бірінші орынды иеленіп, Астана қаласына республикалық жарысқа жолдама алдық. Жарысқа алдын ала берілген тапсырма бойынша 3 айдың көлемінде дайыналдық. Біздің командамызға Шымкент қаласындағы Robopark білім беру ұйымы қолдап, осы ұйымның атынан шықтық», – деді Бейбарыс Михаш.  

Астана қаласында өткен республикалық жарыс 3 турдан тұрды. 4 категория бойынша республиканың 20 өңірінен оқушылар қатысты. Олардың мақсаты жылдамдық пен сапаға жұмыс істей отырып, үздік робот жасап шығару.  

«ҚазРоботикс ұйымдастырған жарыс осымен үшінші рет қатысып отырмыз. Бұған дейін қатысқанымызда тіпті республикалық деңгейге де жолдама ала алмаған едік. Биыл «Ер кезегі үшке дейін» деп тағы келдік. Нәтижесінде, бірінші орынды қанжығамызға байладық. Бұл біздің алғашқы және соңғы жетістігіміз емес, болашақта әлі талай белестерді бағындыру арман-мақсатымыз бар», – деді Иманғали Мыңжасар.

Иманғали мен Бейбарыстың жарыста 3 тур бойынша 90 ұпайды жинады және уақыты жағынан да ең жылдам қозғалатын роботты құрастырды.

«Жарыста ең бірінші жинаған ұпайға қарап бағалайды. Егер командалардың ұпай көрсеткіші теңдей түсіп жатса, роботтың қимылдау жылдамдығының көрсеткішіне мән береді. Біздің ұпайымыз басқа командалармен тең түсті, бірақ біздің роботымыз 32 секундта үздік көрсеткіш көрсетті. Роботты өзіміз ғана жасамаймыз. Біздің тренеріміз Олжас Құрақбай да өз көмегін көрсетті. Командада топтық жұмыс өте маңызды», – деді Иманғали Мыңжасар.   

Иманғали мен Бейбарыс Robopark техникалық білім беру орталығында 3 жылдан бері робототехнологияның негізін үйреніп келеді. Жарыстарға да орталықтың қолдауымен қатысады.  

2017 жылдан бастап Robopark техникалық білім беру орталығы жұмыс істейді. Қазақстан бойынша 10 филиалы бар. Негізгі офисі Шымкент қаласында. Оның мақсаты 4-18 жас аралығындағы баланың техникалық қабілетін дамыту. Осы жылдар аралығында 100-ден астам балаға роботехниканың қыр-сырын үйретіп, түрлі жобалардан үздік нәтиже көрсетіп жатыр.  

«Орталықта арнайы мамандар авторлы методика бойынша балаларды оқытады. Соның арқасында мектебіміздің оқушылары ҚазРоботикс жарысына қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Бейбарыс пен Иманғали қараша айының 14-20 аралығында Германияда өтетін халықралық жарысқа да жолдама алды. Онда әлемнің 80-нен астам елінен жасөспірімдер қатысады. Германияда өтетін үлкен додаға қазақстандық оқушылар алғаш рет қатысқалы жатыр. Сондықтан дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазроботикстен алған жүлделері оларға Германиядағы бәсеке үшін мотивация болмақ. Германиядағы жарыс өте ауқымды форматта болады. балалар арасында өтетіндіктен оларға жақы тақырып таңдалады. Ең алдымен, «Менің досым» тақырыбында роботт жасауы керек. Онда маңыздысы оның автоматтылығы, жүйесі және жылдамдығы мен сапасы», - деді Шымкент қаласы Robopark техникалық білім беру орталығының негізін қалаушы Абзал Әлібеков.

Биылғы ҚазРботикс жарысында 10-14 жас категориясы бойынша Павлодар қаласынан қатысқан Зарина Тұрғанбекова мен Амина Аманболова бірінші орынды иеленді. Алматы мен Маңғысту облысынан қатысқан Матвей Рыбалкин мен Әділ Бүркітбаевта үздіктердің қатарынан көрінді. Оқушылар арасында республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанып жүргендері де бар.   

Миражан Махан
Бөлісу: