Қазақстандық оқушылар 6 миллионға дейін бірреттік төлем ала алады

26 Ақпан, 17:48 586

Мәжіліс депутаттары білім және мәдениет мәселелері жөніндегі заң жобасына түзетулер дайындады. Оның арасында халықаралық ғылыми жобалар байқауының жүлдегерлеріне біржолғы төлем беру туралы бастама да бар. Депутат Асхат Аймағамбетовтің сөзінше бұл – Президенттің дарынды жастарды қолдау жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан маңызды шара.

Білім мен қабілет сынға түсетін мұндай байқаулардың жеңімпаздары үшін ең жоғары төлем мөлшері – 6 миллион теңге және бұл сома жыл сайын өсіп отырады. Бұл, әрине, талантты оқушыға алдымен, қаржылай көмек болса, екіншіден моральдік қолдау болары сөзсіз. Сонымен қатар, оларды дайындап, талантын шыңдаған мұғалімдері де назардан тыс қалмай, ынталандыру ұсынылатын болады.

Сонымен қатар, депутаттар жоғары оқу орындарының кейбір түлектерін мемлекеттік грантты өтеуден босату, ал кейбіреулері үшін грантты өтеуді кейінге қалдыру секілді мәселелерді де қарастырды.

Яғни, елімізде мемлекет есебінен жоғары білім алғандардың міндетті түрде грантты өтеуі туралы норма бар. Осы тұста депутаттар ел тұрғындарының өтінішіне құлақ асыпты. Олар ата-ана атанған немесе мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған жоғары оқу орындарының түлектеріне көмектесіп, оларды оқу бітіргеннен кейін грантты өтеуден босатуды ұсынған. Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл норманы қолдап отыр.

EL.KZ
Бөлісу: