Румынияның Галац қаласында қазақстандық теңіз флотын толықтырған «Taraz» және «Liwa» атты екі мұнай құю танкері салтанатты рәсіммен қабылданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
8000 тонналық жаңа танкерлердің иесі — «Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd» бірлескен кәсіпорны. Бұл кәсіпорынның акционерлері «Қазақтеңізкөлікфлоты» Ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы ТКҚК» (ҚТКФ) және «Abu Dhabi Ports Group» (БАӘ). Салтанатты шараға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ), ҚТКФ, «Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd» және «Damen Shipyards» компанияларының өкілдері арнайы қатысты.
ҚМГ-дың мұнай тасымалдау және логистика департаментінің директоры Марат Орманов өзінің құттықтау сөзінде «Taraz» және «Liwa» танкерлерін сатып алу Транскаспий бағытын дамытуға жасалған маңызды қадам екенін атады.
Танкерлерді сатып алу мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұнай экспортының баламалы бағыттарын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып отыр.
2023 жылдың наурыз айынан бастап Ақтау- Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты бойынша жыл сайынғы 1,5 млн тонна көлемде қазақстандық мұнайды жөнелту басталған болатын. Біздің еліміз бен БАӘ Ақтау-Баку теңіз бағыты бойынша мұнайды тепе-тең негізде тасымалдайды. Алынған екі танкер қазақстандық тараптың жылына 750 мың тонна көлемде мұнай тасымалдау міндеттемелерін толығымен орындауға мүмкіндік береді.
Жүк кемелері нидерландық «Damen» концернінің «Damen Shipyard Galati» верфінде салынған. Танкерлердің ұзындығы — 140 метр, ені-16,7 м, шөгіндісі — 4,2 м, жылдамдығы — 10 түйін. Бұл кемелер озық басқару жүйелерімен жабдықталған, жоғары техникалық мүмкіндіктерге ие, заман талабына сай болғандықтан берік әрі тиімді. Танкерлер барлық халықаралық қауіпсіздік стандарттарына, экологиялық талаптарға сай жасалған.
Сонымен қатар, ҚТКФ мен «Damen Shipyards» Каспий теңізі үшін 12000 тонналық жаңа танкерлер мен әмбебап паромдар салу мәселесі бойынша өзара түсіністік меморандумына да қол қойды.