Наурыз айының 6-11-і аралығында Италияның Лидо ди Езоло қаласында өткен Әлем кубогынан Қазақстан құрамасы қатысты. Сол жеңімпаздардың арасында «Астана Тазалық» мекемесінде абыройлы жұмыс істеп жүрген Бибарыс Сауханбек қола жүлде иеленді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялағаны баршаға мәлім. Мұндағы мақсат – жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау.
Аталмыш жарысқа 46 мемлекеттен 429 спортшы қатысып, жүлдеге таласты. Жеңімпаз Бибарыс Сауханбек – кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Кикбоксингпен айналысқанына 14 жыл болды.
Жетістіктері: Қазақстан чемпионатының 4 дүркін жеңімпазы, Анапа қаласында өткен Әлем кубогының жеңімпазы, 2020 жылы Үндістанда өткен жарыстың жеңімпазы, 2021 жылы Италияда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2023 жылы Португалияда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2024 жылы Үндістанда өткен India Open жарысының жеңімпазы, 2025 жылы Италияда өткен Әлем кубогының қола жүлдегері. Сонымен қатар бірнеше халықаралық және республикалық турнирлердің жеңімпазы.
Суреттер: «Астана Тазалық» мекемесі
Осындай үлкен жетістіктері бар жас спортшыны марапаттау үшін «Астана Тазалық» мекемесінің бас директоры Замир Садықұлы Бибарыс спортшының иығына шапан жауып, пәтер кілтін алуға 10 миллион теңгеге сертификат сыйлады.
Күні бүгінге дейін аренада 130-дан астам кездесу өткізген чемпионымызды спорттағы жанкүйерлері «Сұлтан Бибарыс» деп атайды. Мысыр елін мойындатқан Бейбарыс бабаң секілді бүкіл дүниежүзіне қазақты таныт. Осы лақап атын жандандыру үшін қазақ елінен қолдаушысы бар екенін танытатын, Тудың суреті бейнеленген шапанды иығыңа жабуды жөн санадық. Әр жекпе-жегінде артында елі оған үміт артып, қолдап отыр деген ниетте қабыл ал, - деді Замир Садықұлы.
Сонымен қатар «Астана Тазалық» мекемесінде арнайы техника жүргізушісі болып қызмет атқаратын әкесі – Кенжежан Сауханбекұлына еліне деген патриоттық сезімі бар тұлға тәрбиелегеніне алғыс айтып, алғыс хат ұсынды.
Бибарыстың ағасы Жансерік Сауханбек те «Астана Тазалық» мекемесінде қызмет етеді және жастайынан еркін күреске қатысып, түрлі республикалық жарыстардың жүлдегері атанған.