Қазақстандық ғылымды әлемдік кеңістікке көтеруге жол ашылғалы тұр – академик

3 Сәуір 2023, 11:11 7045

Президент шешімімен Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Мемлекет басшысының бұл шешіміне қатысты академик Кәрімбек Құрманәлиев ой-пікірімен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев ғылыми жұртшылықтың көптен күткен үміті ақталды. Мемлекет басшысының халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының шынайылығы шындыққа айналды деп отыр.

«Еліміздің ғылыми өміріндегі жағымды жаңалықтардың қатарына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық ғылым академиясына қатысты Жарлығының жарық көруін жатқызуға әбден болады. Академиямыздың абыройын арттырған құжатта ғылыми мекеме «Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы» мәртебесін иеленетіні және жаңа мекеме басшысын Қазақстан Президентінің өзі тағайындайды және қызметтен босатады деп көрсетілген. Әрине, Ұлттық ғылым академиясының мүшелері негізгі мақсат мерейлі мәртебеге қол жеткізуде ғана емес, сондай-ақ зор жауапкершіліктің жүктелетінін де жақсы түсінеді», – дейді Кәрімбек Құрманәлиев.

Академиктің сөзінше 20 жыл бойы Үкіметтен бір тиын да қаржы алмай, республикалық қоғамдық бірлестік ретінде жұмыс істесе де кеңестік кезеңдегі қазақстандық ғылымның абыройын сақтап қалды деп есептейді.

«Осындай бедел биігінде болуға көрнекті ғалымдардың ғылыми әлеуетін тиімді ұйымдастыра білген академия Президенті, академик Мұрат Жұрыновтың білімі мен біліктілігінің арқасында мүмкін болғанын ғылыми жұртшылық өкілдерінің атынан мақтаныш сезіммен айтқым келеді. Мемлекеттік мәртебе алып, республикалық бюджеттен қаржыланатын мекеме ретінде қазақстандық ғылымды әлемдік кеңістікке көтеруге жол ашылғалы отыр. Бұған дейін Мемлекет басшысы өзі төрағалық ететін «Ғылым және жаңа технологиялар» Ұлттық кеңесін құрған болатын. Алдағы уақытта сол кеңестің алғашқы отырысы өтеді деп күтілуде. Сол кезде ел ғылымын дамытудың басым бағыттары айқындалып, Ұлттық ғылым академиясының жаңа мәртебеге сай атқарар міндеттері де айқындалмақ. Ғалымдар қауымы ұсынған ғылымның жаңа бағыт- бағыттары бағамдалып, іске- асыру тетіктері талқыланатын болады», – дейді академик.

Сондай-ақ, ол Парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңадан сайланған депутаттар алдында сөйлеген сөзінде де Мемлекет басшысының ел экономикасы ғылымға негізделу керектігін ерекше атап өткеніне назар аударды.

«Ғылым мен білімді екінші орынға қойған мемлекет ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайды, деген қағиданы қаперіне алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алуы керек. Зерттеу жүргізіп, патент алу жеткіліксіз. Ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет. Ғылымды жан-жақты дамыту үшін жаңа заң қабылдау керек, деген сөзін ғылыми жұртшылық өкілдері жылы қабылдады. Жаңа Заң жобасын әзірлеуде Ұлттық ғылым академиясының академиктері белсенді түрде атсалысуға дайын», – деді спикер.

Ұлттық құрылтай мүшесі Ұлттық ғылым академиясының басшыларының бірі ретінде ел дамуының басым бағыттарының бірі ғылым әлеуетін арттыруда отандық ғалымдар бар күш-жігерімен аянбай атсалысатынына сенім білдірді.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: