Қазақстандық фирмалар халықаралық аренада бәсекеге қабілеттігін көрсетті - әділет министрлігі

30 Қаңтар, 12:00 842

Биыл 24 қаңтарда Әділет министрлігінде Қазақстан Үкіметінің мүдделерін шетелде білдіру және қорғау мәселелеріне арналған тұңғыш халықаралық практикалық конференция өтті. Аталған мәселелер Тәуелсіздік алғалы бері тұңғыш рет көтеріліп отыр. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігі мемлекеттік мүлік құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Дастан Смағұлов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Конференцияға Latham & Watkins, Sayat Zholshy & Partners, Tukulov, Kassilgov, Shaikenov Disputes, Curtis, Mallet-Prevost, Colt & Mosle, White & Case сынды жетекші халықаралық және қазақстандық заң фирмалары қатысты. Басқосуда Қазақстан Үкіметінің мүдделерін шетелде білдіру және қорғау мәселелері бойынша қазақстандық заң фирмаларының әлеуетін пайдалану мүмкіндіктері талқыланды, - деді Дастан Смағұлов.

Оның айтуынша, халықаралық форумдарда қаралатын мәселелер көбіне қазақстандық құқық мәселелеріне қатысты болғандықтан, отандық фирмаларды тартуды қажет етеді.

Салық, экологиялық, әкімшілік-іс жүргізу және басқа да салаларда тәжірибесі мол сарапшылар керек. Қазірдің өзінде көптеген қазақстандық фирмалар мен түрлі салалардағы құқықтық сарапшылар халықаралық аренада өзінің бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп, Қазақстанның мүдделерін қорғауға өз үлесін қосты. Отандық фирмалардың тәжірибесі бар екенін және дауларды шешуде халықаралық аренада табысқа жете алатынын көріп отырмыз. Министрлік өз алдына жоғары сапалы білімі бар, аккредиттелген және мүдделері мемлекеттің мүддесіне сай заңгерлер мен сарапшылар пулын қалыптастыру міндетін қойып отыр, - деді департемент басшысының орынбасары.

Отандық сарапшылар мен заңгерлер қазіргі даулар мен процестерді, арбитражға және сотқа дейінгі дауларды реттеу, сондай-ақ құзыретті маманның пікірін алу үшін жүгінуге болатын сенімді тұлғалар ретінде тартылмақ.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: