Қыркүйек-қазан айларында жаңа егінді тасымалдау 2,2 млн тоннадан асты, оның 1,8 млн тоннасы экспортқа жөнелтілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30% жоғары, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ресейге тасымалдау шектеусіз жүруде. Ресей Федерациясына 2 айда экспорт 23,4 мың тоннаны құрады; Ресей Федерациясы арқылы транзитпен - 113 мың тонна. Ақтау порты арқылы Иран бағытына жөнелту 2 айда 250 мың тоннадан асты.
Орталық Азияның дәстүрлі нарықтарында жаңа егінді тасымалдау өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі астық тасымалдарымен салыстырғанда 30% астамға ұлғайды және 1 млн тоннадан асты.
Қытайға астық жүктерінің экспорты шектеу бағыты болып қала береді. 2 айда фитосанитариялық, карантиндік сертификаттар мен кедендік декларациялар бойынша 360 астам вагон немесе 25 мың тонна қайтарылды.
ҚХР-дағы "ҚТЖ" ҰК" АҚ өкілдігінің ақпараты бойынша, ҚХР Бас кеден басқармасы контейнерлерде астық жүктерін әкелу бойынша шекараларда бақылауды күшейтті.
Контейнерлерді тексеру уақыты 5 тәуліктен 10 тәулікке дейін ұзартылды. Кедендік тексеруді күтуде Қорғас станциясының Қытай жағында бір ғана МАТП-да 2500 астам контейнер жиналып қалды.
ҚХР-да пойыздарды қабылдаудың шектелуіне байланысты ҚР бойынша астық контейнерлік құрамдардың жиналуы жүріп жатыр, осыған байланысты қазіргі уақытта Компания астық жүктерін контейнерлерде тиеуді реттеуге мәжбүр.
ҚХР бағытында Қостанай өңірінен контейнерлерді тиеу мәселесін қарау үшін жедел штабтың басшысы ағымдағы жылдың 1 қарашасында Қостанай қаласында уәкілетті органдар мен ұлттық кәсіпкерлер палатасының шақыруымен экспорттаушылармен бетпе-бет кездесу өткізетін болады.