Қазақстандық этно-музыканттар Женева жұртшылығын таңғалдырды

5 Сәуір 2023, 20:32 1123

Тарихи Женева консерваториясының концерт залында «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің, тенор Медет Шотабаевтың және «Роза Бағланова атындағы қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы музыканттарының «Bridge of Times» концерті өтті, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілдігі бұл жобаны «Қазақконцерт» өнерпаздарымен бірлесіп олардың әлемдік турнесі аясында женевалық La Haute École de musique de Genève, le Centre d'Accueil de la Genève Internationale (CAGI) және les Ateliers d'ethnomusicologie (ADEM) қолдауымен жүзеге асырды. Бұл жергілікті аудиторияға бағытталған соңғы уақыттағы ең ірі мәдени іс-шара болды.

Қазақстанның Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың басшылары және женевалықтар, сондай-ақ Швейцариядағы қазақстандықтар алдында айтқан сөзінде еліміз мәдениетінің алуандығын паш ететін, сан ғасырлар сазын ұсынатын арнайы кештің мәдениетіміз бен бірлігімізді таныстыруға зор мүмкіндік екенін атап өтті.

«Тұран» этно-фольклорлық ансамблі қазақ халқының өзіндік музыкалық өнерін, көне аспаптардың дыбысын және көмей ән өнерін жаңғыртуға ұмтылады. Қобыз, жетіген, шертер, ортеке, сыбызғы және тағы басқа 30-дан астам ұлттық музыкалық аспаптарда көпшіліктің көңілінен шыққан туындыларды орындаған өнерпаздарды тыңдармандар жылы қарсы алды.

Сонымен қатар, аудитория халықаралық байқаулардың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тенор Медет Шотабаевты ыстық ықыласпен қарсы алды.

Ұлттық және классикалық музыкалық аспаптар үшін жазылған және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Ақтоты Райымқұловамен бірге орындалған композициялардың орындалуы кештің шарықтау шегіне айналды.

Аншлагпен өткен концерттің соңы қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынуға ұласты.

Қазіргі Швейцария жұртшылығын таңдандыру қиын. Салтанатты қол шапалақтау бұл жерде өте сирек байқалады. Алайда, бүгінгі кеш оған жатпайды, – деп Женева тұрғындары концерттен кейін өз пікірімен бөлісті.

EL.KZ
Бөлісу: