Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның бірнеше миссияларына қатысады

19 Қаңтар, 10:48 1424

Қазақстан БҰҰ миссияларына қатысу үшін қарулы күштердің 430 әскерін жіберетін болды. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында талқыланып, шешім қабылданды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

ҚР Парламенті БҰҰ миссияларына қатысу үшін 430 адамнан аспайтын қарулы күштердің әскери персоналын (резерв ротасы, штабтық офицерлер, әскери бақылаушылар және мамандандырылған бөлімшелер) жіберуді мақұлдады.

 Бітімгершілік миссияларын қысқарту аясында бітімгершілік әскери контингентті жеткізуші елдер арасында бәсекелестік артып жатыр. Қазақстан Қарулы күштерінің БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы, Оңтүстік Судан Республикасындағы және Абьейдегі бітімгершілік миссияларына қатысу географиясын біртіндеп кеңейтуді орынды деп санаймын және жалғастыруды ұсынамын, - деді Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.

Министрдің айтуынша, Қарулы күштердің әскери байқаушы және штабтық офицер ретінде жекелеген әскери қызметшілерді, сондай-ақ БҰҰ миссияларында барынша сұранысқа ие болып отырған жаяу әскер, медициналық, барлау, инженерлік мамандандырылған бөлімшелерді бөлуге дайын.

ҚР Конституциясының 53-бабының 5) тармақшасына сәйкес БҰҰ-ның мына миссияларына:

1) «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау күштері» (UNDOF, Сирия-Израиль);
2) «БҰҰ бітімгершілік шарттарының орындалуын бақылау органы» (UNTSO, Палестина-Израиль);
3) «БҰҰ-ның Оңтүстік Судан Республикасындағы миссиясы»(UNMISS, Оңтүстік Судан);
4) «БҰҰ-ның қауіпсіздік және Абье бойынша уақытша күштері» (UNISFA, Судан).

БҰҰ-ның миссияларына қатысу Қазақстан Қарулы күштеріне әскерлердің жауынгерлік машықтарын жетілдіру үшін пайдаланылатын, бітімгершілік операцияларға тән қажетті жауынгерлік дағдыларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Парламент депутаттары қазақстандық әскерилерді Голан биіктігі мен Оңтүстік Суданға жіберу туралы ұсынысты мақұлдады.

Миражан Махан
Бөлісу: