Қазақстандық бапкер Тунис құрамасымен Олимпиадаға төрт лицензия ұтып алды

13 Ақпан, 11:29 3805

Қазақтың талай білікті маманы шетелде жұмыс істеп, тәжірибесін бөлісіп жүр. Солардың бірі – Есбол Сұлтанов. Таеквондодан ұлттық құрамада біраз жыл қызмет атқарған қазақстандық бапкердің білімі мен білігіне Тунис құрамасы жүгінген. Жақында ғана жаттықтырушының шәкірттері Париж олимпиадасына төрт жолдама алды. Ал Қазақстан құрамасында әзірге бір де бір лицензия жоқ. Осы орайда Есбол мырзаға хабарласып, білікті маманның құрлық асуының себебін сұрадық.

– Қазір таеквондодан Тунис құрамасын жаттықтырып жүр екенсіз. Қанша уақыт болды? Құрама спортшылары сізді қалай қабылдады?

– Тунис таеквондо федерациясының шақыруымен 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап осы елдің ұлттық құрама командасының тізгінін қолға алдым. Жалпы, құрама спортшыларымен жақсы таныспыз. 2020 жылы Токио Олимпиадасы алдында Тунис құрамасы негізгі жаттығу жиынын Алматыда өткізген болатын. Сол дайындығымыз сапалы өтіп, олар Олимпиаданың күміс медалін жеңіп алды. Сол уақыттан бері жақсы қарым-қатынаста болдық. Көптеген халықаралық жарыста, оқу-жаттығу жиындарында кездесіп жүрдік. Сондықтан болар, спортшылармен тіл табысу аса қиындық туғызбады.

Тек Тунистің спорт сүйер қауымы басында сынмен қабылдады. Оларды да түсінуге болады. Қазақстан таеквондосы әлемге аса танымал емес. Тунистің кей азаматтары Қазақстан туралы мүлде білмейді де екен. Сондықтан күмәны орынды беді. Бірақ Алланың қалауымен бір жарым ай өтпей әлемдік Гран-Приде Тунис екі алтын алып, жалпы есепте командалық бірінші орынды жеңіп алдық. Тағы бір айдан кейін Африка чемпионатында да үздік нәтиже көрсеттік. Жыл аяқталар алдында Гранд Слэм турнирінің күміс медалін жеңіп алдық.

Жұмыс жүріп жатыр. Қазір Қазақстанға құрметпен қарайды. Елдің тарихы мен географиясын оқып, біраз қызығып жүргендер бар. Елді жерге қаратпауға тырысамыз.

Сурет: Есбол Сұлтановтың жеке мұрағатынан

– Жақын жер емес, құрлық асу туралы шешімді қабылдау қаншалықты қиын болды?

– Иә, жақын жер емес. Дегенмен өзімді сынап көргім келді. Шақыруды қабыл алып, кезінде Солтүстік Африка, Шам елдеріне әйгілі болған Сұлтан Бейбарыс бабамыздың ізі қалған жерге біз де ат басын тіредік. 

– Отбасыңыз бұл шешіміңізді қалай қабылдады?

– Жақын адамдарыңның қолдауы өте маңызды. Бұл тұрғыда отбасым шешімімді қабыл алып, қолдап, жетістіктеріме қуанып отыр.  Сағынамын. Жақын жер емес. Аздаған мүмкіндік болса, мейлі, елде болсын, шет елде болсын, міндетті түрде кездесіп тұрамыз.

– Келісімшарт мерзімі қанша уақытқа жасалды?

– Келісімшарт мерзімі Париж Олимпиада ойындарына дейін жасалды.

– Қалай дегенмен ауа райы бөлек. Бейімделу жағы қалай болды?

– Ауа райы қолайлы. Жерорта теңізінің жағасында орналасқан субтропикалық ел. Климаты Таяу Шығыстағыдай құрғақ емес. Бірақ жазы бізден ыстық екені анық.  Халқы қонақжай. Тағамдары да алуан түрлі екен. Сондықтан бейімделу жағынан қиындық туындаған жоқ.

– Құрама спортшыларымен, басшылықпен қай тілде сөйлесесіздер? Өзіңіз шет тілдерін білуші ме едіңіз?

– Тунис халқы негізінен екі тілде сөйлейді. Араб және француз тілдерінде. Мен ағылшын тілінде сөйлеймін. Арабша бастауыш курстарын аяқтадым. Спортшылар оқу орындарында ағылшын тілін оқығандықтан, мені қиындықсыз түсінеді. 

– Сіздің қарамағыңызда жақында тунистік таеквондошылар Олимпиада ойындарына төрт жолдама алғанын естідік. Құтты болсын! О баста жоспар қандай еді?

– Ақпан айының 10-11-і аралығында Сенегал астанасы Даккар қаласында Олимпиадаға Африканың құрлықтық іріктеу турнирі өткізілді. Менің командам іріктеу нәтижесі бойынша төрт лицензия ұтып алып, Африка және жалпы араб елдері арасында көш бастап тұр. Мұндай нәтиже, яғни мүмкін болған төрт лицензияны түгел жеңіп алу Тунис таеквондо тарихында алғаш рет болып отыр. 

Әзірге Тунис олимпиадалық спорт түрлерінен жалпы он төрт лицензияны иеленді. Соның ішінде таеквондошылар ең көп лицензиямен көш бастап тұр. Аллаға шүкір.

Сурет: Есбол Сұлтановтың жеке мұрағатынан

– Ал федерация басшылығы сіздің алдыңызға қандай мақсат пен талап қойып отыр?

 – Келісімшарт бойынша үш лицензия алу міндеттемесін алған болатынмын. Әрине, Олимпиада медалін жеңу де жүктелген.

– Тунистің таеквондодағы әлеуетін қалай бағалайсыз? Бұған дейін қалай болып еді? Шығыс жекпе-жегіне қаншалықты көңіл бөлінеді?

– Тунис елінде таеквондо спорты даму жағынан футболдан кейін екінші орында тұр. Олимпиада жүлдегерлері, әлем чемпионатының бірнеше жүлдегері бар. Сондықтан Спорт министрлігі мен Олимпиада комитеті таеквондо спортына басымдық береді.

– Жаттығу процесі қалай, қай жерде өтеді? Неге басымдық бересіз?

– Жаттығу процесін жергілікті Спорт комитетінің арнайы базасында өткіземіз. Қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Спортшыны жоғары деңгейде дайындауға жан-жақты қарағанды дұрыс көремін. Ол үшін мұнда жақсы мүмкіндіктер бар. Физикалық дайындық бойынша бапкеріміз бар, әр спортшы үшін жеке психолог қарастырылған.  Диетолог, физиотерапевттер, сарапшылар, техникалық көмекшілер және де медициналық ғылыми-зерттеу ұжымы әрқашан көмек қолын созуға дайын. Орасан жұмыс атқарылып жатыр.

– Сіздің ұлттық құрамада талай жыл жұмыс істегеніңізді білеміз. Төл шәкірттеріңіз құрамада жүр. Қазақстандық таеквондошылардың Парижге жолдама алу мүмкіндігіне қатысты пікіріңізді біле кетсек.

– Біздің Қазақстанда жақсы спортшылар да, бапкерлер де жеткілікті деңгейде. Соңғы жылдары жақсы қарқынмен дамып келеді. Менің болжамымша, Париж Олимпиадасына үш лицензия жеңіп алуға толық мүмкіндік бар. Біріншіден, спортшыларымыз өте тәжірибелі, екіншіден, Азия құрлығының көшбасшы спортшылары әлемдік рейтингтік жүйе бойынша лицензияларын алып үлгерген. Сондықтан құрлықтық іріктеуде осы мүмкіндікті Қазақстан құрамасы оңтайлы пайдаланып, жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін.

– Қазақстан мен Тунистен таеквондо спортын дамытуда қандай айырмашылық байқадыңыз?

– Қазақстан мен Тунис таеквондосын салыстырар болсақ, айырмашылықтар көп. Біздің елдің басымдығы, әрине, қаржылай мүмкіндігі. Тунис таеквондосынан он есе артық шығар. Техникалық-материалдық жағдайы да әлдеқайда жоғары. Ал Тунисте жұмыс жүйесі дұрыс жолға қойылған. Ол тек таеквондода емес. Спорт министрлігінің жұмыс істеу жүйесі өте ұнады. Тунис елі көп жыл француздардың қол астында болғандықтан, еуропалық жүйе қалыптасып қалған. Мамандардың көбі Еуропа елдерінде білім алады.

Сурет: Есбол Сұлтановтың жеке мұрағатынан

– Өзіңіз таеквондоға қалай келіп едіңіз?

– Жас кезімде каратемен, кикбоксингпен айналысып бастағанмын. Елге Мұстафа Өзтүрік ұстазымыз таеквондо спортын алып келгенде, осы спортқа көңіл бөлдім. Көп жыл ұлттық құрама мүшесі болдым. Азия чемпионаттары мен Азия ойындарында топ жарып жүрдім. Спортты аяқтаған соң жаттықтырушы қызметіне ден қойдым. Ең алғашқы жұмыс орным – Шаңырақ спорт мектеп-интернаты. Қазақстанға әйгілі «Барыс» клубының мүшесі болу бақыты бұйырды. «Барыс» клубының спортшылары 2012-2017 жылдары ҚР құрама командасының 55-65%-ын құрайтын. Жаттықтырушы құрамымыз өте мықты болды.

– Биылғы жылдың басты аламаны Париж олимпиадасы екені рас. Өкінішке қарай, таеквондодан олимпиада жүлдесін күткенімізге де 16 жылдай болды. Бұл мақсатқа Қазақстан қашан қол жеткізуі мүмкін?

– Өкінішке қарай, үш Олимпиадада жүлдесіз қалдық. Себеп көп… Негізгісі – ауызбіршіліктің жоқтығы. Бірақ бір қуантатын жағдай – жас кадеттеріміздің мықты нәтиже көрсетіп келе жатқандығы. Ойлап қараңызшы, соңғы әлем чемпионатында Қазақстан құрама командасы екі алтын, екі күміс және қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық бірінші орынға қол жеткізді. Ал құраманың бас бапкері Мырзағали Сұранов 2023 жылдың қорытындысы бойынша әлемнің үздік жаттықтырушысы атанды. Сол балаларымыздың жастары қазір он төртте. Төрт жылдан соң он сегізге келеді. Мінекей, мықты резерв дайын тұр. Тек осы жас буынды дұрыс, жүйелі жұмыс арқылы ересектер құрамасына жеткізу керек.        

                           Сурет: Есбол Сұлтановтың жеке мұрағатынан                                

Париж Олимпиадасынан да үміт бар. Жаттықтырушыларымыз бен спортшыларымыз ел сенімін ақтайды деп сенемін.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: