Қазақстандық әйелдердің саясатқа араласуына не кедергі?

13 Қазан 2023, 16:02 374

Бұл сұраққа Еуразия ұлттық университеті, Саясаттану кафедрасының постдокторанты Айгерім Серікжанова жауап беруге тырысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«ҚР  Әйелдердің саяси өміріне қатысуын кеңейту және рөлін арттыру» тақырыбында жүргізіліп жатқан постдокторлық зерттеу аясында жоба жетекшісі сарапшылар арасында сауалнама жүргізіп, қазақстандық әйелдердің саяси өмірге қатысуына байланысты бірқатар сұрақтарға жауап іздеді.

Сауалнамаға жалпы 30 сарапшы қатысқан, оның 23 – әйел, 7 – ерлер.

Сауалнама барысында қатысушылардың әйелдердің саяси өмірге қатысуына байланысты қазіргі қалыптасқан жағдайға қатысты пікірлері мен болашақта оны жақсартуға бағытталған ұсынымдар жиналды.

Мысалы, сарапшылардың жартысына жуығы (14 сарапшы) әйелдердің қазіргі таңда саясатқа араласуын жеткіліксіз деңгейде деп есептейді. Сонымен қатар, 8 сарапшы заңнамаға енгізілген өзгерістерге, яғни бөлінген арнайы квота нәтижесінде соңғы жылдары әйелдердің саяси белсенділігі байқалып келеді дейді.

Кей сарапшылардың пікірінше, жалпы саясатқа араласушы әйелдер саны артқанымен, басшылық қызметтегі әйелдер әлі де жеткіліксіз. Егер әйелдердің сарапшылық қабілеті мен потенциалы дұрыс бағаланса, мұндай олқылық болмас еді дейді сарапшылар.

Ал әйелдердің саяси белсенділік деңгейінің төмен болуына қатысты сарапшылар келесі себептерге назар аудару қажет деп есептейді: патриархалды қоғам мен түсінік, отбасылық және бала тәрбиесіне байланысты уақыттың жетіспеушілігі, «әйел көшбасшысы түріндегі мысалдың болмауы», әлсіз заңнама, саяси сауатсыздық, әлеуметтік әділетсіздік. Олардың пікірінше ғасырлар бойы қазақ қоғамындағы әйелдерге ошақтың сақтаушысы ретінде қараған: әйелдер негізінен тұрмысты ұйымдастырумен айналысқан. Сондықтан мұндай тарихи және мәдени факторлар әйелдердің қазіргі Қазақстандағы саясатқа салыстырмалы түрде төмен қатысуының алғышарты болып табылады.

Жоба авторының пікірінше, Қазақстан бірқатар халықаралық ұйымдардың мүшесі және халықаралық құқықтық құжаттардың қатысушысы болып табылатын демократиялық мемлекет ретінде ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және олардың ҚР-ға саяси қатысуын қамтамасыз етуіне қарамастан гендерлік теңдік институтының дамуына теріс әсер ететін факторлар бар, олардың ішінде көшпелі халыққа тән патриархалдық қоғам, стереотиптік және консервативті ойлау, әйелдер ынтымақтастығының жоқтығы.  Осыған байланысты сайлаудағы бақылауды квоталау немесе қатайту арқылы сайлау жүйесін реформалау жеткіліксіз, бұл жағдайда жалпы қоғамның санасын өгертуге бағытталған кешенді жұмыс қажет.

EL.KZ
Бөлісу: