Қазақстандық әскерилер АҚШ-тың күштік құрылымдары арасында үздік шықты

11 Наурыз, 13:49 748

Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері 3-8 наурыз аралығында Аризона штатының Феникс және Флоренс қалаларында өткен «Үздік жауынгер-2024» жарыстарында олжалы өнер көрсетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сержант Мұхиядин Смағұл мен 2-сыныпты сержант Орынбек Сандыбеков «Үздік жауынгер-2024» жарысында бақ сынаған 40 қатысушының ішіндегі бірден-бір шетелдіктер болды.

Ұлттық ұланның, Қарулы күштердің және АҚШ-тың басқа да күштік құрылымдары арнайы бөлімшелерінің әскери қызметшілері қатысқан жарыста қазақстандық әскерилер жауынгерлік дайындыққа байланысты барлық кезеңдерде үздік нәтижелер көрсетті.

Әскери қызметшілер Мұхиядин Смағұл мен Орынбек Сандыбеков дене дайындығы, америкалық үлгідегі атыс қаруын бөлшектеу, құрастыру, оларды жауынгерлік күйге келтіру, тапаншадан, автоматтан және пулеметтен ату жөніндегі нормативтерді сәтті орындады.

Жарыс бағдарламасында, сондай-ақ радиостанцияны баптау және байланысқа шығу, түнгі және күндізгі уақытта жергілікті жерді бағдарлау, алғашқы медициналық көмек көрсету, жаралыларды алып шығу секілді тапсырмалар да болды.

20 шақырымдық марш кезінде қолындағы қару-жарақпен және 16 килограмдық мүлікпен 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының сержанты Мұхиядин Смағұл бір сағат 59 минутта межелі қашықтықты еңсеріп, жеңіске жетті.

Жарысты ұйымдастырушылар байқау тарихында мұндай жағдай әлі болған жоқ деп мәлімдеді. Біздің десантшымыздың жетістігін аты аңызға айналған кениялық жүгіруші, Олимпиада чемпионы Элиуд Кипчогенің рекордымен салыстырды, – деп нақтылады Қазақстан Қарулы күштерінің бас сержанты шебер сержант Темірбек Халықов.

2-сынып сержант Орынбек Сандыбеков те жауынгерлік дайындық пәндерінде үздік нәтижеге жетіп, маршта екінші орыннан көрінді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: