Қазақстандық әскерилер африкалық оқушылармен кездесті

6 Мамыр, 10:55 533

Қарулы күштердің әскери қызметшісі майор Арман Бекбаев Камбоджадан келген бітімгерлермен бірге Орталық Африка Республикасының шығысындағы Бриа қаласында жергілікті мектептің бастауыш сынып оқушыларымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл жерде ол Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясының құрамында бірнеше ай қызмет етіп жүр. 

Қазақстандық бітімгер балалармен әңгімелесіп, бұл елде бітімгерлік күштердің қандай мақсатпен жүргенін түсіндіріп, Қазақстан туралы айтып берген. 

Сурет: Қорғаныс министрлігі

Гуманитарлық дағдарыста және әлеуметтік тұрақсыздықта өмір сүретін балалармен кездесу – қандай жағдай болса да, олардың жаңа нәрселерді білуге ұмтылыстарын жоғалтпайтынын көрсетті. Ең бастысы, балалар бәрі жақсы болады деп сенеді, – деді майор Арман Бекбаев. 

Бітімгерлер мектеп оқушыларына жазу құралдары мен тәттілер тарту етіп, оқу орнына спорттық керек-жарақтар берді. 

Осындай гуманитарлық шараларды бітімгерлер тұрақты түрде өткізетінін айта кету керек. Жергілікті тұрғындармен кездесу – олардың қосымша міндеті.

Сурет: Қорғаныс министрлігі

Бітімгерлер бұл кездесуді 2010 жылы БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаменті құрған халықаралық ағылшын тілі күніне орайластырды. Аталмыш шара БҰҰ-ның алты ресми тілін тең дәрежеде қолдануға, көптілділік пен түрлі мәдениетті қолдауға бағытталған.

Миражан Махан
Бөлісу: