Қазақстандық әскери қызметші George Washington университетінде ғылыми зерттеумен айналысатын болды

5 Қаңтар, 07:19 858

Ұлттық қорғаныс университеті әскери ғылыми-зерттеу орталығының қару-жарақ және әскери техника ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері "Үздік жас ғалым-2023" және "ҚР жылдың үздік маманы" атақтарына ие болды. Жеңімпаз подполковник Бағдат Әлиев енді George Washington University-інде ғылыми зерттеумен айналысатын болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

"Bilim-Оrkenieti" ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған конкурстар білім беру ұйымдары мен ғылыми орталықтардың ғалымдары арасында тәжірибе алмасуға, жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін күшейтуге, инновациялық идеяларды насихаттауға бағытталған.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, екі кәсіби байқаудың жеңімпазы, подполковник Бағдат Әлиев қару-жарақ пен әскери техника мәселелері бойынша іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді орындау шеңберінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысады. Күздің басында ол "Үздік жас ғалым-2023" республикалық байқауына "Теңіз көлігі қауіпсіздігіне төнетін қатерлердің жіктелуі: халықаралық тәжірибе" мақаласын тапсырған болатын. 2022-2023 оқу жылында жарияланған көптеген жарияланымдарын ескере отырып, Бағдат Әлиевтің авторлық куәлігі мен патенті "Үздік жас ғалым" деп танылды.

Оқи отырыңыз: 

Сонымен қатар тамыздан желтоқсанға дейін подполковник Бағдат Әлиев "Қазақстан Республикасының жылдың үздік маманы" республикалық патриоттық байқауына қатысты. Бұл байқауға Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушысы Ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс туралы 40-қа жуық мақала, авторлық куәлік, пайдалы модельге патент, оқу құралы және монография өткізді. Байқаудың қазылар алқасы оны ең жақсы маман деп таныды.

Тағы бір жаңалық, шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен подполковник Бағдат Әлиев әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту үшін грант иегері атанды. Енді ол америкалық George Washington University-інде ғылыми зерттеулермен айналысады деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігінен.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: