Медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Мейірманов Жапонияның беделді Рицумейкан Азиаттық-Тынық мұхит университетінің (Ritsumeikan Asia Pacific University – APU) вице-президенті (проректоры) лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
APU университеті Жапонияның Беппу қаласында орналасқан.
Бұл тағайындау – тарихи оқиға. Себебі Жапонияның жоғары оқу орнының басшылық құрамына тұңғыш рет Қазақстан азаматы жоғары әрі жауапты лауазымға көтеріліп отыр. Бұл жайт профессор С. Мейірмановтың кәсіби және тұлғалық қасиеттерінің жоғары деңгейде екенін ғана емес, сонымен қатар қазақстандық ғылым мен білім беру жүйесінің халықаралық деңгейде мойындалып келе жатқанын көрсетеді.
Вице-президент лауазымына тағайындалғанға дейін профессор Серік Қасымханұлы APU университетінде академиялық істер жөніндегі декан (Dean of Academic Affairs) қызметін үш жыл бойы табысты атқарды. Осы кезеңде ол оқу бағдарламалары мен университеттегі академиялық ортаның дамуына елеулі үлес қосты. Оның бай тәжірибесі мен біліктілігі (MD, PhD) оны жаңа басшылық қызметке лайық етті. Профессор Мейірманов жоғары медициналық білімді Қазақстанда алған, ал PhD дәрежесін Жапонияда қорғаған. Бұл оның туған елімен де, қазіргі кәсіби қызмет атқарып жүрген елімен де терең академиялық байланыста екенін көрсетеді.
Айта кетерлік жайт – профессор Мейірманов Қазақстанның ғылыми саласын дамытуға да белсенді атсалысып келеді. Ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінің белсенді мүшесі, сондай-ақ Ұлттық ғылыми кеңесте шетелдік сарапшы ретінде жұмыс істейді.
Рицумейкан Азиаттық-Тынық мұхит университеті (APU) бүкіл әлемде өзінің шынайы халықаралық ахуалымен танымал: мұнда 100-ден астам ел мен аймақтан келген 6 мыңға жуық студент білім алуда, ал оқытушылар құрамының жартысынан астамы – шетелдік мамандар. Университеттің басты мақсаты – жаңа буынның жаһандық көшбасшыларын дайындау.
Өзінің тағайындалуына қатысты пікір білдірген профессор Серік Қасымханұлы:
Бұл – мен үшін зор құрмет әрі үлкен жауапкершілік. Вице-президент ретінде APU университетінің дамуына өз үлесімді қоса алатыныма қуаныштымын. Университет басшылығына білдірген сенімі үшін алғысым шексіз. APU – расымен де ерекше білім ордасы, және мен оның өркендеуі үшін еңбек етуді жалғастыратыныма қуаныштымын. Сонымен қатар, халықаралық академиялық қауымдастықта Қазақстанды таныстыра алатынымды мақтан тұтамын. Бұл тағайындау Қазақстан мен Жапония арасындағы ғылыми және білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сеп болады деп сенемін. Әсіресе, еліміздің Президенті ғылымды, халықаралық ғылыми зерттеулер мен білім беруді дамытуға ерекше қолдау көрсетіп отырғанын ескеру қажет, - деді.
Профессор Мейірмановтың Жапонияның жетекші халықаралық университеттерінің біріне вице-президент болып тағайындалуы – Қазақстан үшін үлкен жетістік және мақтаныш, сондай-ақ халықаралық аренада мансап жасап жүрген отандық ғалымдар мен мамандар үшін шабыт беретін үлгі.
Серік Мейірманов 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап вице-президент лауазымына ресми түрде кіріседі.