Қазақстанды халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялау жүргізіліп жатыр

20 Қаңтар 2023, 20:36 1382

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті

 
Қазақстандағы дипломатиялық корпусқа арналған іс-шара Назарбаев Университетінің базасында және шетелдегі қазақстандық дипломатиялық корпустың өкілдері үшін онлайн форматта өтті. Брифинг Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 
 
Брифингте министр Саясат Нұрбек 2022 жылдың қорытындысы, жаңа министрліктің қызметі, ғылым мен жоғары білімнің алдында тұрған мақсаттар мен міндеттер туралы айтып берді.
 
«Министрліктің негізгі мақсаты – экономика үшін қажетті кадрларды сапалы даярлау үшін қажетті жағдайлар жасау, елдегі ғылыми қызметті үйлестіруді күшейту, ғылыми-зерттеу ұйымдарын жаңғырту, ғылым және жоғары білім саласындағы шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты тереңдету», – деді министр.
 
Елімізде болып жатқан демографиялық өзгерістер жоғары білімнің дамуына айтарлықтай әсер ететіні атап өтілді. Студенттердің жалпы саны тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде өсуде. Ал бұл Қазақстан үшін Орталық Азиядағы білім беру хабына айналуға зор мүмкіндік болып табылады.
 
«Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің мақсаты жаһандық еңбек нарығы жағдайында тиімді жұмыс істей алатын жаңа формациядағы кадрларды даярлау болып отыр. Қазақстанды халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіне интеграциялау бойынша мақсатты жұмыс жүргізілуде», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
 
Министрдің айтуынша, интернационалдандыру стратегиясын іске асыру жалғасады, сондай-ақ Қазақстан платформасында Орталық Азия жоғары білім кеңістігінің тұрақты бюросы жұмыс істейтін болады.
 
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу бойынша тиісті жұмыс жүргізілетіні атап өтілді.
EL.KZ
Бөлісу: