Қазақстандағы ұлтаралық қақтығыс кімге тиімді?

31 Шілде 2023, 13:04 1636

Соңғы уақытта Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде және одан тыс жерлерде ел билігінің және онда тұратын түрлі ұлт өкілдерінің беделін түсіретін оқиғалар жиілеп кетті. Көбіне қазақтар мен этникалық орыстардың достық қарым-қатынасы күмән туғызатын, орыс тілді азаматтардың құқығын шектеу сынды жалған ақпараттарға толы жарияланымдар түрлі әлеуметтік желілердегі топтарда өріп жүр. Орыс пен қазақ халқы сан ғасырлардан бері көршілес, одақтас мемлекет болды. Бірін-бірінің рухани құндылықтарын, саяси, азаматтық позицияларын, салт-дәстүрлерін толық зеттеп түсінген халықтар.

Алайда, ежелден қазақ жерінде тұратын орыс және басқа ұлттардың өкілдері қазақстандағы ұлттарға көрсетіліп жатқан қысым туралы фейк ақпараттарды жоққа шығаруда.

Қазақстанның Ата Заңында орыс тілі-ұлтаралық  қатынастар тілі ретінде нақыт көрсетілген. Сарапшылардың пкірінше, бұл ұлттар арасына от салуды көздеген бір топ азаматтың әрекеті.

Сондықтан да кез келген қазақ немесе орыс ұлттарының арасына сына қағуға бағытталған әрекетті қоғам қабылдамауда. Жасыратыны жоқ, мұндай әрекеттер Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс басталып, жалпы ұлттық мобилизация басталғанда елдерін тастап қашқан орыстардың арасынан шығып жатқаны шындық. Мұның жақсы жағы бар. Бұрыннан мекен етіп, қазақпен араласып кеткен еліміздегі орыс ұлтының өкілдері өздері әлеуметтік желілер арқылы «бауырластарына» тойтарыс беруде.

Сонымен қатар қазақ тілін үйренушілер қатары да көбейді. «Ескі» және «жаңа» орыстарды сөз арасында қазақша араластырып сөйлегенінен түсінетін болдық. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. 2021 жылы жүргізілген халық санағының нәтижесі бойынша қазақтардан басқа 130 этнос өкілдері бар екені оның 15,5% орыстар яғни 3,4 млн адамды құрап отыр.

Ал қазақтардың үлес салмағы 70,4% құрады. Жалпы славян ұлтының үлесі 19,5% болып отыр. Әрине, әр мемлекеттегі сияқты ұлттар арасында әлеуметтік-тұрмыстық бағыттағы кішігірім ұрыс, керістер болып тұрады. Ал ұлтаралық деңгейдегі қақтығыстар болған емес.

«Гововрит Москва» радиостанциясының шолушысы Александр Асафовтың айтуынша,  «Қазақстанда болып жатқан тұрмыстық бағыттағы конфликітлерді бұқаралық ақпарат құралдарында дабыраға айналдырып, ұлттар арасында оның ішінде Қазақстанның тұрақтылығына көзалартқан топтардың әрекеті бар екені сөзсіз» дейді. Мұндай тұрмыстық конфликтілік жағдайлар Ресейдің өзінде күнде болып жатады.

«Орыс тілді азаматтарға қысым көрсетіледі» деген жалған ақпарат Ресейдегі мобилизациядан соң Қазақстанға өтіп кетуді мақсат еткен азаматтардың елге келуін шектеуге байланысты біздің биліктің қабылдаған шешіміне сәйкес әрекеттер де болуы мүмкін.

Қазақстан Ресеймен шекаралас, сан ғасырлық ортақ тарихы бар, стратегиялық мүдделес ел екенін үнемі мәлімдеп келеді. Ресейлік иммигранттардың ел арасына бүлік салуға арналған әрекеттері де қоғамның наразылығын тудыруға бағытталған.

Мысалға, Михайл Будвинский өзінің YouTube арнасында елорда тұрғындарының орыс тілділер мен өзге ұлттарға деген қазақтардың ниетін білу мақсатында жүргізілген сауалнамасы керісінше қазақ пен орыс ұлттарының арасындағы достықтың нық екенін дәлелдеп берді.

Сауалнамаға қатысқан кез келген азамат қазақтардың қонақжай халық екендігін, ешқандай да тілдік дескриминацияға ұшырап жатпағандығы туралы әңгімесі Будвинскийдің негізгі мақсатын тас талқан етті.

«Релокация в Казахстан», «Алмайти» және басқа да Telegram каналдарында ресейлік мигранттар тарапынан Қазақстанға қатысты жағымсыз әңгімелердің болып жатқаны жасырын емес.

Тіпті әлеуметтік желілерде жекелеген азаматтардан басқа Парламент Мәжілісінің депутаттары тарапынан да Ата Заңнан орыс тілінің – ұлтаралық қатынас тілі статусын алып тастау туралы мәлімдемелер мен петициялар орын алғаны белгілі.

Алайда ҚР Президенті Қ.Тоқаев, Қазақстан Халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында «Қазақстанда сан алуан этнос өкілдері тұрады. Бұл – бүкіл әлемге белгілі ақиқат. Шын мәнінде, бұл – біздің тағдырымызға жазылған бағымыз.  Елімізде түрлі мәдениеттер бірге дамып келеді.  Соның арқасында әлеуетіміз артып, береке-бірлігіміз нығая түсуде.   Біз отаншылдықты, өзара сыйластық пен татулықты жан-жақты дәріптеуіміз керек.  Бұл – мемлекеттің ғана емес, барша азаматтарымыздың ортақ міндеті.Жалпыұлттық бірлік – қуатты мемлекет болудың басты кепілі» деген еді.

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 7,5 мың мектеп болса оның 1,2 мыңы орыс тілді, 2,4 мың мектебі аралас мектептер санатында.

Тіл саласындағы мемлекеттік саясаттың тұрақтылығының арқасында орыс тілін оқыту процессі үздіксіз қамтамасыз етіліп, жоғарғы оқу орындарында орыс тілін оқытатын мамандар жыл сайын дайындалып жатқанын атап өткен жөн.

Жоғары билік саласында да өзге ұлт өкілдері баршылық. Қазақстанның Үкіметбасының орынбасары Роман Скляр, Қазақстан Парламенті сенаты мен мәжілшісінің депуттарын, аудан, қала, ауыл әкімдері мен барлық деңгейдегі мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерде өзге ұлт өкілдері толыққанды жұмыс істеуіне жағдай жасалған.

 Сонымен қатар орыс ұлтының құқығын қорғайтын «Лад», «Славянский культурный центр», «Ассоциация русских, славянских и казачьих организаций Казахстана»  сынды көптеген ұйымдар жұмыстарын жүргізуде. Көптеген діни ұйымдар да өздерінің уағыз, насихаттарын еркін жүргізіп келеді.

Дін істері Комитетінің мәліметінше, Елімізде 18 конфессияны қамтитын 3932 діни бірлестік тіркелген: 2790 - исламдық, 345 - православие, 93 - католик, 588 - протестант, 61 - Ехоба куәгерлері, 24 - Жаңаапостолдық шіркеу, 13 - Кришна санасы қоғамы, 7 - иудаизм, 6 - бахаи, 2 - буддизм, 2 - соңғы күнгі әулиелер Иса Мәсіхтің шіркеуі (мормондар), 1 – муниттер бар.

Ешкім оларға кедергі болып отырған жоқ. Түймедейді түйедей етіп, ұлттар арасына сына қағып, екі мемлекет пен оның халықтары арасындағы көршілік қарым-қатынасты бұзуды аңсағандардың көкейіндегі орындалмай келеді. Себебі Қазақстан халқы біртұтас ел.

 Қазақтың сайын даласында ұлттың негізін құраушы қазақтың ғана емес сан ұлттың ата-бабалары, ағайын, тумалары жатыр. Олар үшін Қазақстан мәңгілік мекендеріне айналды.

 Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, Қазақстан Еуразия Экономикалық Одағының және Ресей мемлекетінің халықтары үшін табыс табуға ыңғайлы, тұрақты мемлекет ретінде бағаланады.

Ұлтаралық қатынасты ушықтыру Қазақстанның ұстанған көпвекторлы саясатына қайшы келеді. Ал елдегі ұлтаралық қатынасты бұзуға бағытталған әрекеттер геосаяси факторларды қамтитын халықаралық ұйымдардың әрекеті болуы мүмкін дегенде болжам да бар.

Алып Аю мен Айдаһардың ортасындағы жер көлемінен 9-орын, табиғыи байлығы жөнінен алдыңғы қатардағы Қазақстан әлем елдерінің үнемі назарында болуы сөзсіз.

Алайда, елдегі тыныштық ең бірінші өзімізге керек. Ұрпағымыздың алаңсыз мектепке барып, білім алып, бейбіт елде өмір сүруі біз үшін керек. Көлденен көк аттының айғайына ере жөнелмей, сабыр сақтап, салмақтап өлшеп, елдің ертең мен болашағын болжамдап шешім шығару әр Қазақстандық азаматтың борышы.

Әлемді жаулап бара жатқан қақтығыстар мен соғыстардан апйда көрген елдер бар ма? Кешегі өркениеті дамыған Ливия, Сирия т.б елдер күні не болып кетті? Көзімізбен көріп отырмыз.

Біртұтас қазақстандық ұлт құрып, бейбіт заманда, сахара даламызды еркін аралып, ұлттық тәлім-тәрбиемізді жалғастырып, ұрпағымызды өсіріп өмір сүргеңге не жетсін!

Асылбек Байжұмаұлы
Бөлісу: