Қазақстандағы су тасқыны бойынша қазіргі жағдай

5 Сәуір, 18:31 1732

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанның бірқатар өңірлерінде су тасқыны салдарын жою жұмысы жалғасуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының елді мекендерінде су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстары, еріген қар суын бұру, инертті материалдар салынған қаптар төсеу, каналдарды, арық жүйелерін жағаларын нығайту жұмыстары, құлақтандыру және адамдарды қауіпсіз жерлерге эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Су тасқыны Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 596 жеке тұрғын үй және 334 аула аумағы су астында қалуда. 1 143 үй мен 1 013 аула аумағынан еріген қар суы сорылды. 19 459 адам, оның ішінде 8 460 бала құтқарылды және эвакуацияланды, 55 мың ауыл шаруашылығы жануары айдалды. Бұл ретте әуе кемелерімен 2 365 адам, оның ішінде 477 бала эвакуацияланды.  Уақытша орналасу пункттерінде 4 037 адам, оның ішінде 1 712 бала бар. 6,6 млн. м3 (өткен тәулікте 0,43 мың. м3) еріген қар суы сорылды, 785 мың қап (өткен тәулікте 57 мың)  және 946 мың тонна инертті материал (өткен тәулікте 4,5 мың тонна) төселді.  «Жедел желі» телефонына 835 қоңырау түсті. 

Су шайған 88 автожол, оның ішінде 4 көпір және 84 жол төсемі, су жүрген 123 автожол бақылауда. Жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорларын құрған 74 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды.

Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл қ., Айыртау, Тайынша, Тимирязев, Есіл, Уәлиханов, М. Жұмабаев және Ғ. Мүсірепов атындағы аудандарда ашық аумақтан еріген қар суын бұру және халыққа көмек көрсету жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар егістіктерден еріген судың көп мөлшерде келуіне байланысты Тайынша ауданының Красная поляна ауылында 6 жеке тұрғын үйді су басып, тұрғындарды ішінара эвакуациялау жүргізілді.

Ақмола облысында егістіктерден Атбасар қаласының арық жүйесіне судың көп мөлшерде келуіне байланысты жеке тұрғын үйлердің 7 аула аумағы су астында қалды, еріген суды бұру және халыққа көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде. Целиноград ауданы Талапкер ауылының бойымен өтетін жасанды каналдың бір бөлігінің шеті жырылып, жырылу қалпына келтірілді, 26 жеке тұрғын үйдің ашық учаскелері мен су басқан аула аумақтарынан еріген қар суын айдау жұмыстары жүргізілуде. 

Ақтөбе облысында еріген қар суының келуіне және Хромтау ауданындағы Мағаджан бөгетінің суға толуына байланысты оның бөгетінің бір шеті жырылды.  Бесқоспа, Қызылту ауылдары және Алға ауданының Табантал қыстағы ықтимал су басу аймағында. 215 адам, оның ішінде 96 бала Бесқоспа ауылының орта мектебіне және туыстарының үйлеріне эвакуацияланды, мал қауіпсіз жерге айдалды. Табантал өзенінде жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде, оған су қоймасынан су ағызылады. 

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында Қарашығанақ және Димитрово кенттерінен Жарсуа кентіндегі орта мектеп базасындағы эвакуациялау пунктіне мүмкіндігі шектеулі 25 адам алдын ала эвакуацияланды. Бұл елді мекендер Жайық өзенінің бойында орналасқан.

Қостанай облысында Қарасу өзенінде су деңгейінің көтерілу қаупіне және Қарасу ауданының Қарамырза ауылында су басу қаупіне байланысты Қарасу ауылында 108 адам алдын ала эвакуацияланды. Науырзым ауданының Буревестник ауылындағы егістіктерден еріген судың мол мөлшерде келуіне байланысты 7 жеке тұрғын үйдің аула аумағы су астында қалды, тұрғындар туыстарының үйлеріне орналастырылды. Судың өтуі үшін жол төсемі ашылды, су деңгейі төмендеп, жағдай тұрақталды, эвакуацияланған тұрғындар үйлеріне оралды.

Павлодар облысында Ертіс ауданының Ұзынсу ауылында 18 жеке тұрғын үйді су басқаны анықталды, үйдегі су толықтай сорылды. Ұзынсу ауылынан Ертіс ауылына медициналық көмекке мұқтаж 38 адам, оның ішінде 24 бала жүзу құралдарымен жеткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.  Сонымен қатар қардың қарқынды еруіне және еріген судың даладан келуіне байланысты Ағашорын ауылын су басу қаупі туындады, суды бұру жұмыстары жүргізілуде, ауылдың шетіндегі шаруашылық құрылыстарын су басу фактілері тіркелді.

Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ҚМ, ІІМ, ҰҚК, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың 9 мыңнан астам адам, 2,2 мың техника, 613 су айдау құралы және 96 жүзу құралы, 11 әуе кемесі жұмылдырылды.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: