Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлік саны 22,6%-ға өсті

22 Қараша 2022, 14:03 2470

Бұл туралы Ұлттық статистика бюросынан мәлім етті

Бір жыл ішінде Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлік саны 22,6%-ға өсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өсті. 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша олардың саны өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 22,6%-ға артып, 1 732 696 субъектіні құрады.

ШОК субъектілерінің жалпы санындағы дара кәсіпкерлердің үлесі 67,3%, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 19%, шаруа немесе фермер қожалықтары – 13,5%, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 0,2% құрады.

Тіркелген ШОК субъектілерінің саны бойынша дәстүрлі түрде Алматы көш бастап келеді. Мегаполисте 343 мың кәсіпкерлік болса, оның 277 мыңы ғана жұмыс істейді. Алғашқы үштікке Астана (224 мың субъекті, оның 196 мыңы жұмыс істейді) және Түркістан облысы (178 мың субъекті, оның 175 мыңы жұмыс істейді) кіреді.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша жұмыс істеп тұрған субъектілер арасында 601 мыңы көтерме және бөлшек саудамен; автомобильдерді жөндеумен айналысады, 269 мыңы – ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында, үшінші орында құрылыс саласы – 92 мың субъект.

ШОК субъектілерінің саны электр энергиясымен, газбен және бумен жабдықтау секторында ең аз, барлығы – 1 769 субъект.

EL.KZ
Бөлісу: