Қазақстандағы ең танымал 5 курорттық орын

30 Қаңтар, 18:15 3882

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, былтырғы жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында еліміздегі курортты аймақтарға 3 млн 73 мыңнан астам саяхатшы барған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл – 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 344 мың адамға көп. Яғни, 2022 жылғы сәйкес кезең бойынша өсім 12,6%-ға артты.

2022 жылдың 9 айында еліміздегі курорттарға 2 млн 729 мың адам келген. Ал 2023 жылғы алғашқы 9 айдың қорытындысы бойынша, Алматы тау кластері еліміздегі ең танымал курортты аймақ деп танылды. Өткен жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Алматы тау кластеріне 1 млн 728 мың турист келген.

Рейтингтің екінші орны Маңғыстау курорттарына тиесілі. Еліміздің батыс аймағындағы курортты мекенге 299 мың адам барған.

Үшінші орында 243 мың турист барған Щучье-Бурабай курортты аймағы.

Сондай-ақ үздік бестіктің қатарына еліміздегі ең танымал екі жазғы демалыс орны енді. Алакөлдің Абай облысындағы бөлігіне тоғыз айда 204 мың турист келсе, Балқаш курорттық аймағына 94 мың саяхатшы барған.

Статистикалық мәліметтер бойынша, курортты аймақтардағы орналастыру орындарында көрсетілген қызметтердің табысы да өскен.

2022 жылғы қаңтардан қыркүйекке дейін курортты аймақтардың конақ үйлері 74 млрд теңгеден астам сомаға қызмет көрсетсе, 2023 жылдың осы кезеңінде көрсеткіш 29 млрд теңгеге өсіп, табыс 103 млрд теңгеге жеткен. Жылдық өсім 39% құрайды.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: