Қазақстандағы білім саласының құлдырауына жекеменшік университеттер кінәлі ме?

25 Шілде 2023, 13:35 1820

Қазақстанда жекеменшікке заңсыз өтіп кеткен университеттер мемлекет меншігіне қайтарылады. Осыған қатысты  Үкіметте мәселе көтерді. Премьер-министр Әлихан Смайылов экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның отырысында жағдайды реттеуді тапсырды. El.kz ақпарат агенттігі жоғары оқу орындарын мемлекет меншігіне қайтарудың қандай артықшылығы мен кемшілігі бар екенін саралап көрді.

Ұлттық статистика бюросының мәлі­меті бойынша, Қазақстанда биылғы оқу жылында жұмыс істеп тұрған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім меке­месінің саны 116.  Ал олардың 105-і магистранттарды, 73-і докторанттарды және 18-і резидентура тыңдаушыларын дайындайды.

Ал жоғары білім беру бағдар­ла­маларын жүзеге асыратын ұйымдардың 72,4%-ы – жекеменшікте, 25,9%-ы – мемлекеттік, 1,7%-ы – шетелдік меншік­те.

«Тексеру студенттерге де, университет қызметкерлеріне де қатысты болмайды»

Премьер-министр  Әлихан Смайылов экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын 17 өткізді.

Ол құзырлы мемлекеттік органдарға тиісті құжаттар мен шарттарды тексеріп, олардың заңдылығына құқықтық баға беруді тапсырды. 

Әлихан Смайылов аталған оқу орындарындағы оқу процесінің толық тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігіне тоқталды, өйткені басталған тексеру студенттерге де, университет қызметкерлеріне де қатысты емес.

Университеттерге талап күшейіп келеді

Осы ретте Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ректоры Ержан Әмірбекұлының пікірін білген едік.

Жоғары білімді бір ғана сөзбен «жақсы немесе жаман» деп айта салуға болмайды. Кез келген жүйе сияқты және кез келген мемлекеттегі жағдайға ұқсас әр саланың өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың қатарына артықшылықтарды, кемшіліктерді, мүмкіндіктерді және қауіп-қатерді жатқызуға болады. Қазіргі таңда Қазақстанның жоғары мектебі де Кеңес өкіметінен қалған жүйеден кейін әлемдегі өркениетті мемлекеттердің үлгісіне сай бәсекеге қабілетті жүйені қалыптастыруды көздеп отыр, - деді институт басшысы.

Оның айтуынша, мемлекет басшысының берген тапсырмасы, сонымен қатар қоғамның қойып отырған бірқатар негізгі талабы бар. Солардың барлығына жалпы жоғары білім жүйесі сәйкес болуы керек.

Әрине, сырт көзге қараған кезде жұмыс істемей жүрген немесе университетті бітіріп жұмысқа орналаса алмай жүрген адамдарға қарап, университеттеріміз туралы атүсті пікір айта салуға да болады. Бірақ шын мәнінде, Қазақстанда қазіргі таңда мықты алғышарттар қалыптасқан. Сонымен қатар жақсы университеттер жүйесі де қалыптасқан. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Оның ішінде үздік университеттер бар, жақсы болуға талпынып жүрген университеттер бар, онымен қоса, бірқатар проблемасы бар жоғары оқу орындары да бар. Олардың барлығының квалификациялық талаптар мен стандарттарға сәйкестіктері тексеріліп отырады. Ғылым және жоғары министрлігі бұл мәселкні жіті бақылауда ұстайды, - деп түсіндірді Ержан Әмірбекұлы.

Жоғары білім саласындағы проблемалар

Ол осы ретте жоғары оқу орындарында ең алдымен инфрақұрылымдық проблемалар бар екенін айтты. Өйткені Қазақстанның көптеген университеті корпустарының соғылғанына кемінде 50-70 жыл болған, тіпті 80 жылдан асып кеткен университеттер де жетерлік. Ал ол университеттердің материалдық-техникалық базасы сол кездегі ерекшеліктерді ескере отырып соғылған көрінеді. Яғни жаңа заманауи талаптарға сай емес.

Мысалы, адам санына, сол кездегі техника мен технологияның дамуына және қаланың ерекшеліктеріне сай жасалынған. Ал қазір заман өзгерді. Өздеріңіз білетіндей, үлкен қалаларда шоғырлану көбейіп, халықтың саны да өсіп келеді. Осы ретте университеттердің атқаратын қызметі де ұлғайып келе жатыр. Сондықтан осының бәрін ескеретін болсақ, саладағы ең үлкен проблеманың бірі - материалдық-техникалық базаның ЖОО-ның дамуымен бірге жүрмеуінде болып отыр. Яғни корпустардың аздығы, бала санының корпусқа сыю мүмкіндігінің азаюы сияқты мәселелер бар, - дейді Арқалық институтының ректоры.

Екінші мәселе - жатақхана санының аздығы. Былтыр Қазақстан бойынша 89 мыңға жуық жатақхана орнына тапшылық байқалған еді. Бірақ бір жылдың ішінде 10 мыңға дейін қысқартылып, қонақ үй басшыларымен кездесуден кейін мәселе шешімін таба бастады. Десе де әлі де алдағы жылдары жылына кемінде 10 мыңға жуық жатақхана орындары берілуі керек. Қазір осы мәселе жіті қадағаланып отыр. Бірақ ірі қалаларда, атап айтқанда Астана, Алматы, Шымкент және бірқатар облыс орталығында жатақхананың тапшылығы сезілуде.

Тағы бір үлкен проблема - ол инклюзивті білім беру мәселесінде инфрақұрылымдық қажеттілікпен қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, қоғамда жылдан-жылға ерекше қажеттілігі бар бала саны көбейіп келе жатыр. Оларға қажетті материалдық-техникалық базаны сәйкестендіру мәселесі де әлі тиісті көзқарасты қажет етіп отыр, - деп айтты Ержан Әмірбекұлы.

Сонымен қатар теория мен өндірістің арасындағы байланыстың әлсіздігі жекелеген жағдайда әлі де бар. Бұл тек жоғары мектептің ғана проблемасы емес. Ол өндіріс орындарының, бизнестің және мемлекеттік мүдделі органдардың бірлескен кешенді жұмысының нәтижесінде ғана шешіледі. 

Онымен қоса, қазіргі күні университетті бітіріп жатқан мамандардың өз бағыттары бойынша жұмысқа орналаспау мәселесі де бар. Грантта оқыған баланың мамандық бойынша жұмыс істегенін әрине, жақсы деп есептейміз. Ал екінші жағынан 4-5 жылдың ішінде технология да, қоғамның талаптары да өзгереді. Оған қоса, 5 жылдың ішінде баланың пайымы да, ой-пікірі де, құндылықтары да өзгеріп, басқа мамандыққа икемделіп кетуі мүмкін.

Өңірлік университеттердің даму мәселесі де өзекті. Қазіргі таңда урбанизация мәселесі және халықтың ірі қалаларға шоғырлануы жыл сайын өсіп келеді. Сол себепті өңірлік университеттерді дамыту - өте көкейкесті және аса назар аударуды қажет ететін сұрақ, - деді ЖОО басшысы өз сөзінде.

Диплом бар, бірақ жұмыс жоқ

Соңғы 2-3 жыл көлемінде ЖОО-ны бітірушілерге университеттер өз үлгісіндегі дипломдарды беруді қолға алған. Бұл дегеніміз, яғни әр университет өзінің сапасына өзі жауап береді. Бұрын барлық диплом мемлекеттік үлгіде болатын. Енді әр университеттің дипломда атауы жазылады, басшысының қолы қойылады. Тиісінше жұмыс беруші бұдан былай сол дипломды бағалайды. Мысалы, Алматыдағы немесе Қостанайдағы университет түлегінің білімінің қандай екенін жұмыс беруші анықтай бастайды екен.

Ержан Әмірбекұлы жұмыссыздардың қатары неге көп деп сұраққа жауап берді.

Бірінші мәселе - түлектің сапасына байланысты. Егер университетті бітіріп жатқан түлек мықты және университеттің білім беру бағдарламасы бәсекеге қабілетті болса, онда жұмыс беруші оны өзі-ақ жұмысқа алып кетеді. Ал егер университеттің беделі төмен болып, студенттердің сапасына әртүрлі шағымдар, көңіл толмайтын пікірлер болса, онда әңгіме басқа.Екінші мәселе - ол экономикадағы кәсіпорын санының жеткіліксіздігі. Себебі шығарып жатқан түлектеріміздің барлығына бірдей жұмыс ұсынып жатқан кәсіпорындар жеткілікті емес, -  деп түсіндірді ректор.

Сосын еңбекақы мәселесі де өзекті екенін айтты. Яғни жұмыссыздардың саны ірі қалаларда көп емес, өте аз. Ал жекелеген өңірлерде жұмыссыздардың саны жеткілікті. Өйткені еңбекақы көлемі студенттерді немесе түлектердің көңілінен шықпайды. Сонымен бірге олар өңірде қалып жұмыс істегісі келмейді. Сөйтіп олар жұмыссыз ретінде тіркеліп, оқыған бағытына қатысы жоқ салаларға барып, жұмыс істей бастайды. Осылайша мұндай азаматтар өздерінің мамандықтары бойынша жұмыс істемей жатқандардың және нақты жұмыссыздардың қатарые толықтырады. Ал сайып келгенде олар ірі қалаларда басқа бағыттарда жұмыс істейді деп отыр.

Сондықтан бұл сұрақтар экономикадағы қажетті жұмыс орнының аздығы, өңірлер бойынша еңбекақының бірдей болмауы және жекелеген университеттердің сапа мәселесіне әлі де жан-жақты қарау керегінен туындайды, - дейді ол.

Жекеменшік университеттер «бизнес көзі» ме?

Арқалық педагогикалық институты ректорының мәліметінше, осыдан 15-20 жыл бұрын Қазақстанда университеттердің саны өте көп болатын. 2000-жылдары 181 университет болды. Бірақ қазіргі күні олардың саны 119-ға дейін азайды.

Яғни 60-қа жуық университет әртүрлі себептермен жабылды. Неге жабылды? Себебі олар талапқа сай болған жоқ. Қоғамның және өкілетті органның қойған талабына, мемлекеттің негізгі ұстанымдарына сай болмағандықтан университеттерді бірте-бірте қысқартуға алып келді.  Қоғам тарапынан жекеменшік университеттерге әлі де болса «бизнес көзі» деген ұғым бар. Оны жасыруға болмайды, ондай университеттер болды, тіпті әлі де болуы мүмкін. Себебі осыдан 2-3 жыл бұрын ғана Шымкентте өте үлкен университет жабылды. Ол жерде студенттердің саны 30 мыңнан астам болатын. Ал ең үлкен деп атап жүрген әл Фараби университеті студенттерінің саны бүгінгі күні 30 мыңға да жетпейді. Енді Шымкенттегі жабылған университеттің ғимараты соншама студентті оқытуға жетпейтін. Спорт кешендері де үлкен болған жоқ. Осындай университеттер қоғамда жекеменшік университеттердің беделіне үлкен «қара дақ» түсірді. Әлі де қоғамнан университеттердің бірқатарына шағым түсіріп жатқанын байқауға болады. Соған қарап-ақ мемлекеттік ЖОО мен жекеменшік ЖОО-ның арасындағы айырмашылықты қоғам өзі байқап отырады, - деп айтты Ержан Әмірбекұлы.

Ректор атап өткендей, дегенмен бұл мәселеге бір жақты қарай салуға болмайды. Қазіргі күні өте мықты жекеменшік ЖОО-лар бар. Олардың әлемдік, ұлттық рейтингтердегі көрсеткіштері, бітіріп жатқан студенттерінің сапасы және жұмыс берушілер сұранысының деңгейі жоғары. Осы көрсеткіштер мықтылардың жекеменшік университеттер қатарынан шығып жатқанын көрсетеді. Олардың рейтингі де бар. Осындай университеттер жекеменшік ЖОО-лардың моделін, стилін, мазмұнын өзгертіп отыр. Менің ойымша, жекеменшік университеттердің барлығы оны тек «бизнес көзі» ретінде ғана көруге болмайтынын көрсетіп отыр. Ия, мұндай жағдай болды. Бірақ бұл ұзаққа бармайтын стратегия.

 Қазіргі таңда грантты беру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі бірнеше көрсеткішті есепке алады. Оның ішінде жұмысқа орналасу көрсеткіші, университеттің рейтингісі, оның тексеру қорытындылары, университет туралы қоғамдағы пікірлер сияқты көрсеткіштер есепке алынады. Осылардың бәрін есептей келе, беделі төмен, кемшіліктері бар университеттерге өкілетті орган грант бөлмейді. Оны қазір жекеменшік ЖОО-лар түсінді. Енді олар инфрақұрылымды дамытуға, жаңа корпустар, жатақхана салуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, лабораториялық корпустарды салып, мықты студенттерді өздеріне тартуға ұмытылып жатқанын көріп отырмыз. Әрине, бұл бәрі керемет болып кетті дегенді білдірмейді. Бұл бірнеше уақытты қажет ететін жүйе. Себебі жоғары білімнің, жалпы білім жүйесінің нәтижесі бірнеше жылдан кейін ғана көрініс табуы мүмкін. Сондықтан барлық университет мықты, бірдей немесе нашар деп айта алмаймын. Жүйедегі кемшіліктер мен жетістіктер барлық университетке тиесілі, - деді университет басшысы.

Жекеменшік университеттерді мемлекетке қайтару керек пе?

Оның айтуынша, жекеменшік университеттер елімізге керек. Себебі бәсекелі, нарықтық ортада жекеменшік ЖОО-лар болғаны жөн деп отыр. Барлық міндеттемені мемлекет өзіне ала алмайтынын жеткізді.

Оны түсінуіміз керек. Көптеген ЖОО, әсіресе мемлекеттік ЖОО-лардың материалдық базасы инвестицияны қажет етіп отыр. Ескірген корпустардың барлығын мемлекет қаражатына салу үшін күтіп отыруға болмайды, - деді Ержан Әмірбекұлы.

Оның сөзінше, жекеменшік университеттердің мемлекетке қайтару мәселесінің көтеріліп тұруы заңды.

Бұл жерде жекеменшік ЖОО-лардың барлығы туралы айтылып отырған жоқ. Менің білуімше, бұл жерде кезінде мемлекеттік болған, бірақ заңсыз жолмен жекеменшікке өтіп кеткен мемлекеттік университеттер туралы әңгіме болып отыр. Ондай университеттердің сатылу, жекеменшікке өтіп кету мәселесін қадағалау керек. Өкілетті органдар оған бағасын беріп, заңсыздықты анықтаса, мемлекет меншігіне қайтарылуы керек, - деді ректор.

ЖОО-да ғылым қалай дамып жатыр?

Ержан Әмірбекұлы ғылым мәселесі өте күрделі екенін атап өтті. Әлемде дамыған мемлекеттерде ғылымның дамуы үшін ІЖӨ-нің кемінде 1 пайызы ғылымға және ғылыми зерттеулерге жұмсалуы керек. Қазақстанда бұл көрсеткіш өте төмен болған. Соңғы жылдары бұл 0,12-0,13 пайыз деңгейінде қалып отыр. Бұл мәселе былтырдан бастап қолға алынды. Қазір жыл сайын мемлекеттің ғылымға бөлген қаражатының көлемі де ұлғайып келе жатыр. Соңғы 3 жылға 640 млрд теңгеден астам қаражат көлемі бюджетке енгізілген.

Айтуынша, қазіргі күні университеттік ғылымды дамыту мәселесі жолға қойылып жатыр. Әлемнің мықты университеттерінде өздерінің клиникалары, лабораториялық базалары, технопарктері, зерттеу ұйымдары бар. Яғни университет ғылымның даму траекториясын анықтап отырады. Міне, осындай университеттің ғылыми моделі бізге де қажет болып отыр.

Ғалымдардың орта жасы 50-ден асып кеткені туралы жиі айтылады. Сондықтан жастарды ғылымға тарту өте өзекті. Соңғы жылдары тәпті орта жастағы ғалымдардың саны азайып кеткен. 50-70 жастағы ғалымдарымыз бар. Оған дейінгі ғалымдарымыздың ортасы үзіліп қалған. Қазір осы олқылықтарды түзеу үшін мықты ғалымдары өздерін мектебін қалыптастырып, ізбасарларын дайындап, білгендерін жастарға үйретулері керек. Жастардың ғылымға келуіне жағдай жасалып, жақсы мүмкіндіктер беріліп отыр, - дейді ол.

Ректор көптеген университет оқу ақысына да тәуелді болып отырғанын айтты. Сөзінше, оқу ақысын көтергісі келсе, ата-аналардың, мектеп бітірушілердің наразылықтары байқалады. Мысалы, былтыр оқу ақысын кейбір университеттер 10-20%-ға көтерген кезде қоғам наразы болды. 

Бағаны көтермесе, университеттер шетелден ғалымдарды қалай шақырады, студенттерді шетелге қалай жібереді? Лабораториялық базаны қалай жаңартады? Жаңа кітаптарды қалай алады? - деді ол.

Ержан Әмірбекұлы ғылымға көңіл бөліп отырған жекеменшік университеттер жетерлік екенін алға тартты.

Қазіргі таңда мемлекеттің қатысуымен 20-дан астам ЖОО жұмыс істеп тұр. Соның біреуі - Арқалық педагогикалық институты. Бұл Қазақстандағы 5 арнайы мамандандырылған педагог дайындайтын ЖОО-ның біреуі. 

Біз 28 білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлап отырмыз. Студенттеріміздің жұмысқа орналасу деңгейі 95%. Ең жоғары көрсеткіштің біреуі біз ұстап отырмыз. Арқалықтағы институттың 50 жылдан астам тарихы бар. 1972 жылы құрылған. Содан бері институттағы оқытушылар мектебінің қалыптасуы, мектептермен, білім беру ұйымдарымен тығыз байланысының арқасында біздің түлектерге сұраныс өте жоғары. Әсіресе, көп түлегіміз Астана қаласындағы мектептерде жұмыс істеп жатыр. Қазір Астананың кез келген мектебіне барсаңыз, Арқалықтың түлегін табуға болады, - деп түсіндірді институттың басшысы.

Сонымен қатар институтқа келіп оқитындар қатарында оңтүстік өңірлердің студенттері көп. Олардың барлығы оқуды тәмамдаған соң, өңірлеріне оралып, нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Оны биыл кәсіптік бағдар кезінде байқағанын атап өтті. 

Депутаттар институтымызға университет мәртебесін беру жайлы мәселені көтерген болатын. Бұл сұрақты Үкімет қарастырып жатыр. Университетке ауысу үшін бірнеше алғышартты орындау керек. Оның ішінде студенттердің жеткілікті саны, материалдық-техникалық базасы болып, ғылыми жұмыстарға көңіл бөлуі керек. Қазір біз бұл мәселелерлі қолға алып, жұмыс істеп жатырмыз, - дер айтты Ержан Әмірбекұлы.

Институт басшысы Ғылым және жоғары білім министрлігі осы мәселені шешуге қолдау білдіретініне сенім білдірді.

Аягөз ҚҰРМАШ
Бөлісу: