Қазақстандағы банк басшылары айына 48 млн теңге айлық алады

6 Қыркүйек 2023, 09:30 1800

Finance.kz Telegram арнасының сарапшылары қазақстандық банк басшыларының жалақы мөлшерін жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сарапшылардың мәліметінше, сыйақының ең көп мөлшері ForteBank басшылығына тиесілі. Жалпы 2022 жылы басқарманың 8 мүшесі 4,6 млрд теңгеден астам қаражат алған. Басқарушылардың әрқайсысы орта есеппен айына 48,48 млн теңге алған.

Bank RBK болса сыйақы мөлшері бойынша екінші орынға ие. 2022 жылы банк басқармасының 4 мүшесі 1,5 млрд теңгеге жуық табыс тапқан. Бір басшының орташа айлық табысы шамамен 31,7 миллион теңгені құрады.

Үшінші орынды Altyn Bank иеленді. Өткен жылы банк басқармасының 5 мүшесі жалпы 1,35 млрд теңгеге жуық табыс тапқан. Орта есеппен әрбір басшыға айына шамамен 22,6 миллион теңге келеді.

Басқарма мүшелерінің сыйақы мөлшері ең аз банк – "Нұрбанк". 2022 жылдың қорытындысы бойынша олар барлығы 119,6 миллион теңге табыс тапқан – басқарманың әрбір мүшесіне төленген орташа айлық көлемі 1,66 миллион теңгені құрады.

Бұл ретте Kaspi Bank және Kaspi.kz акционерлік қоғамдары әр түрлі мәлімдемелер жариялаған. Бірінші мәлімдемеге сай, 2022 жылдың соңында 3 басқарма мүшесіне төленген жалпы сыйақы мөлшері 214 миллион теңгеден асады – айына бір адамға орта есеппен 5,9 миллион теңге төленген. Екінші мәлімдемеге сәйкес, көрсеткіш сәл аздау – басқарманың 4 мүшесі жылына 82,1 миллион теңге табыс тапқан, яғни бір адамға төленген жалақы көлемі айына 1,7 миллион теңгеден сәл артық болған. 

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: