Қазақстандағы ақылы жолдар: сапасы мен құны

24 Қараша 2022, 16:47 2900

Ақылы жолдан түсетін биылғы көрсеткіш 19 млрд теңгені құрады

Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды, соның 25 мың шақырымы – республикалық маңызы бар жолдар, ал 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар.  Сонымен қатар, ақылы жолдар да бар. Еліміздегі ақылы жолдардың сапасы мен құны туралы ақпараттарды материалымызда қамтыдық.

Ақылы жолдарды қайта жаңарту жұмыстары

Қазақстанда 11 ақылы жол бар және олардың жалпы ұзындығы 2157 шақырымды құрайды.  Олар «Астана-Щучинск», «Астана-Теміртау», «Алматы-Қорғас», «Алматы-Қонаев», «Астана-Павлодар», «Конаев-Талдықорған», «Тараз-Қайнар», «Шымкент-Қызылорда», «Шымкент-Тараз», «Шымкент-Ташкент» және «Щучинск-Көкшетау» тас жолдары. Ақылы жолдан түсетін биылғы көрсеткіш 19 млрд теңгені құрады.

Биыл республика бойынша 4 мың  шақырым жолға құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жасалған. Оған 192 млрд қаражат жұмсалды. Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар жолдарды салуға және реконструкциялауға 372 млрд. теңге бөлінген. 2023 жылғы жоспар бойынша 3,5 мың шақырым жол жөңдеуден өтеді. Оның 598 шақырымы күрделі жөндеу, 2 838 шақырымы орташа жөндеу жұмыстарынан өтеді.

Сонымен қатар, көптен бері үлкен мәселеге айналған «Қызылорда-Жезқазған» тас жолында биыл қайта жаңарту жұмыстары басталған. Қазіргі таңда Қызылорда аумағы бойынша 218 шақырым жол жөңдеуден өтуде.

Биылдан бастап Қазақстанның бірқатар өңірлерінде тас жолдарды жөңдеу жұмыстары басталды. Ол 2024 жылдың соңына дейін жалғаспақ.

Елімізде автомобиль жолдарының эксплуатациялық сипаттамаларын арттыру мақсатында «Superpave» технологиясы пайдаланылатын болады. Аталған технология туралы ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин мәлімдеген болатын.

«Қазіргі таңда бізде тек 3 климаттық аймақ, битумның 2 маркасы ескеріледі. Ал «Superpave» технологиясында 10-15 климаттық аймақ қарастырылатын болады. Әрбір өңір үшін асфальтбетон қоспалары, битум, қиыршық тастың жекелеген құрамы құрылады», – деді Төлеген Абдуллин.  

Сондай-ақ, жол жөңдеу жұмыстары алдында карьерлердің, битум зауыттарының материалдарының сапасы жайлы ақпарат жинақталып, климат ерекшеліктері, геологиялық және гидрогеологиялық деректер ескерілетінін атап өтті.

Елімізде автожолдарды қайта жаңарту жұмыстары кезінде шетелдік тәжірибе негізіндегі «EPCM» келісімшарты бойынша жүзеге асырылады. Шарт негізінде 1 шақырым автожолды реконструкциялаудың құны: Бірінші санаттағы 4 жолақ және одан көп жолақты – 600 млн. теңгеден басталады; Екінші санаттағы 2 жолақты - 400 млн. теңгеден басталады; Үшінші санаттағы 2 жолақты - 250 млн. теңгеден басталады.  

Еліміздегі автожолдар әрбір 10 жыл сайын жөңделіп, қайта жаңарту жұмыстарынан өтіп отырады. Оған орындаушы компания жауапты бола отырып, осы жылдар аралығында жолды күтіп-ұстап жұмыстарын өз мойындарына алады.   

Жол жүру құны

Қазіргі таңда еліміздегі барлық ақылы учаскелерде 2013 жылғы тарифтер қолданылады.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин 2022 жылы 23 қарашадағы Орталық коммуникациялар қызметінде жыл соңына дейін көлік құралдарының барлық түріне абоненттік төлем енгізілетінін айтты.

Ақылы жолдардағы жергілікті автокөліктерге салынатын абоненттік төлем:

Жеңіл автокөліктер – 1 жылға 1000 теңге;  

16 орынға дейінгі автобустар және 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 2 АЕК, жылына 20 АЕК;

32 орынға дейінгі автобустар және 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 4 АЕК, жылына 40 АЕК;

32 орыннан жоғары автобустар және 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 6 АЕК, жылына 60 АЕК;

15 тоннаға дейінгі жүк көліктері айына 8 АЕК, жылына 80 АЕК;

15 тоннадан астам жүк көліктері – айына 10 АЕК, жылына 100 АЕК;

«Абонементтік төлемді рәсімдеу үшін автокөлік ақылы учаскеге іргелес елді мекенде тіркелген болуы керек. Абонементтерді ресімдеу тәртібі жақын арада «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ сайтында пайда болады. 2023 жылы ақылы жүйені II техникалық санаттағы автожолдардың 2,5 мың шақырымына нормативтік жағдайға келтіруіне қарай енгізілетін болады. Онда да қолданыстағы тарифтер қолданылады», - деді Төлеген Абдуллин.

Әлемде жол саласында ғылымды қолдауға жыл сайын саланың барлық бюджетінің 0,2-ден 2%-на дейін қаражат бөлінеді. Атап айтқанда, АҚШ-та – 2%, Кореяда және Ресейде – 0,2%, ал Қазақстанда – 0,003%-ды құрайды. 

Миражан Махан
Бөлісу: