Қазақстандағы 18 оқу орны мен 69 көшенің атауы өзгереді

22 Маусым 2023, 23:09 832

ҚР Ұлттық музейінде мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың төрағалығымен республикалық ономастика комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

ҚР МСМ мәліметінше, жиынға Парламент депутаттары, министрлік өкілдері, ғалымдар мен жазушылар қатысты. Кездесуде Қазақстанның өңірлеріндегі 18 оқу орнын және Көкшетау, Қосшы, Степногорск (Ақмола облысы) Арыс (Түркістан облысы) және Талдықорған (Жетісу облысы) қалаларындағы 69 көшені қайта атау мәселесі талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф, тарихшы, академик Өзбекәлі Жәнібековтің есімін беру туралы шешім қабылданды.

Ақтау қаласындағы №28 жалпы білім беретін мектепке Ұлы ағартушы, ғалым, ақын және публицист Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. «Ұлт ұстазының» есімімен Қостанай ауданының білім бөлімінің мемлекеттік тілде оқытатын Заречная жалпы білім беретін мектебі, сондай-ақ Жетісу облысы Алакөл ауданының Үшарал қаласының №1 орта мектебі аталады. Жетісу облысы Алакөл ауданы Бескөл станциясының № 14 орта мектебі әлемге әйгілі қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің құрметіне өзгертіледі, - делінген мәліметте.

Түркістан облысының Арыс қаласында Роза Бағланованың, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның және әртүрлі географиялық орындардың: Шарын, Сарыарқа, Ұлытау, Жидебай, Сарайшық және т.б. атындағы көшелер пайда болады.

Сондай-ақ «Гүлдер», «Асу», «Тіршілік» және  «Айналайын» сынды атаулардың бір бөлігі қайта қарауға бағытталды. Отырысқа қатысушылар көше атаулары өңірдің тарихи және географиялық ерекшеліктерін көрсетіп, нақты мағынаға ие болуы керек деген пікірге келді.

Жақында Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың II отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өмірбаяны біреудің жеке мүддесі мен қалауы үшін мақсатты түрде мифологияланған кеңестік кезеңдегі қайраткерлердің есімдерін әртүрлі нысандарға беру тәжірибесін тоқтату керектігін айтты. Президент ономастика саласында тәртіп орнатуды және өңірлік ерекшеліктерді де, жалпыұлттық басымдықтарды да ескере отырып, барлық рәсімдерді регламенттеуді тапсырған болатын. Дәл осы мақсатта Мәдениет және спорт министрлігі көрнекті қайраткерлер мен тарихи тұлғалардың «Тарихи тұлғалар» тізімін өзектендіру бойынша жұмыс жүргізуде, соның негізінде нысандар мен көшелерге жаңа атаулар беріледі, - деді Асхат Оралов.

Қазіргі уақытта комиссияға 681 ұсыныс түсті. Оларды жергілікті ономастикалық комиссиялардың қарауына әкімдіктерге жіберу туралы шешім қабылданды. Мәдениет комитетіне әдістемелік ұсынымдарға қажетті өзгерістер енгізу жөнінде тапсырмалар берілетін болады.

EL.KZ
Бөлісу: