Қазақстанда жол саласы мамандарының цифрлы банкі құрылады

28 Желтоқсан 2022, 17:02 1365

Бұл туралы ИИДМ мәлім етті

Бүгінгі таңда кадр тапшылығы мәселесі автожолшыларды салалық еңбек биржасын әзірлеуге мәжбүр етеді. Еліміздегі жол саласы көптеген жылдар бойы білікті мамандардың тапшылығы қалыптасқан салалардың бірі. Нәтижесінде, жүзеге асырылып жатқан жол құрылысы жұмыстарымен көбінесе бейінді білімі немесе жоғары білімі туралы дипломы жоқ адамдар айналысып жатады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мамандардың айтуынша, аталған мәселенің туындауына негізгі бес себеп бар. Атап айтқанда, жол саласындағы ғылымды қаржыландырудың жетіспеушілігі, жоғары оқу орындарының түлектерін жеткіліксіз көлемде даярлау, жұмыс істеп жүрген мамандардың өз біліктілігін арттыруға қызығушылық танытпауы, қолданыстағы кәсіпқойлар пулының саны мен сапасы туралы нақты түсініктің болмауы, сондай-ақ қажет қызметкерлерді табу барысында туындайтын басқа да қиындықтар.

Осы мәселелерді шешу үшін кезінде «Сәулет және құрылыс» бағытына енгізілген «Автожолдар мен әуеайлақтар құрылысы» мамандығы бойынша студенттерді даярлаудың жекелеген бағытын қайта ашу ұсынылып отыр. Сонымен қатар жобалардың ғылыми сараптамасын жүзеге асыру мен жол саласы ғылымын дамытуға жол салу құнының 0,5 пайызын бөлу туралы ережені заңнамалық тұрғыдан бекіту де ұсынылған.

Мәселенің балама шешімі ретінде Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты жол саласы қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттырумен айналысатын оқу орталығының жұмысын жандандырды. Онда тек студенттер ғана емес, сонымен қатар тәжірибелі мамандар да білім алады. Сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындарымен бірқатар меморандумға қол қойылды. Осылайша, жақын арада қазақстандық студенттер нақты зертханаларда және жолдардың тәжірибелік учаскелерінде тәжірибеден өте алады. Бүгінгі таңда жол ғылыми-зерттеу институты заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыс істеп жатыр, оған сәйкес автожол мамандары өз біліктіліктерін арттыруға міндетті болады.

Биыл ҚазжолҒЗИ жол саласы мамандарының бірыңғай біліктілік базасын, атап айтқанда салалық еңбек биржасының бір түрін әзірлеумен айналысты. Ақпараттық жүйеге кәсіби жолшыларды даярлаумен айналысатын жоғары оқу орындарының студенттері мен түлектері, сондай-ақ бүгінде жұмыс істеп жүрген инженерлер, шеберлер, жобалаушылар және жол құрылысының басқа да мамандары енгізілетін болады.

Бұл шешім өз кезегінде салалық еңбек нарығын талдауға және болжауға мүмкіндік береді. Ал мердігер ұйымдар онлайн режимде жолдарды жобалау, олардың құрылысы және қайта құру үшін дипломы бар әрі білікті мамандарды таба алады.

Мұндай цифрлы анықтамалықты жасау жолшылар үшін өздерінің кәсіби дағдыларын жұмысты қатар алып жүріп дамытуға көмектеседі.

«Базада мамандардың еңбек өтілі мен санаты туралы мәліметтер жинақталған. Олардың біліктіліктері туралы ақпарат да қолжетімді болады. Бұл өз кезегінде кадр тапшылығы мәселесін шешуге жәрдемдесіп, сәйкесінше жол құрылысының сапасына оң әсер етеді», ­дейді «ҚазжолҒЗИ» АҚ Оқу орталығының директоры Гүлжамал Омарова.

Қазіргі уақытта институт аталған жүйенің жобасын жасап, өзінің авторлық құқығын алды. Цифрлы база 2023 жылдан бастап толықтырыла бастайды деп жоспарланып отыр.

EL.KZ
Бөлісу: