Қазақстанда жол қоршауының инновациялық түрі сынақтан өткізілді

Кеше, 21:45 174

Бұл Көлік министрлігі мен ғалымдардың бірлескен эксперименті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көлік министрлігінің мәліметінше, Қарағанды облысындағы республикалық маңызы бар «Астана-Қарағанды» (KAZ01) тас жолының қар басу қаупі жоғары учаскелерінің бірінде жол қоршауының инновациялық түрі, яғни тростық тосқауылдардың аралық сынағы өтіп, сәтті аяқталды.

Аталған сынақтар Теміртау қаласының маңында орналасқан ұзындығы 500 метрді құрайтын тәжірибелік-эксперименттік учаскеде жүргізілді. Аталған тростық жабдық Қарағанды қаласының бағытындағы жолдың бойында, нақтылап айтқанда, жолақтарды бөліп тұратын белдеуде және жолдың оң жақ жиегінде орнатылды. Сынақтардың нәтижесінде бұл құрылғы ауа райының қолайсыз жағдайында (боран кезінде) жоғары тиімділікті көрсетті.

Тростық қоршаулар дәстүрлі металл кедергілерден қарағанда айтарлықтай артықшылықтарға ие. Әсіресе қалың қар мен қатты жел жағдайларында өте тиімді. Олар қардың тростар арқылы еркін өтуіне мүмкіндік береді. Бұл оның бөлу жолақтары мен жолдың жиектерінде жиналуына жол бермейді. Сондай-ақ мұндай қоршаулар жолдарды механикалық тазалау шығындарын азайтуға ықпал етеді. Сөз етілген қоршау түрлері АҚШ, Жапония және Еуропада экономикалық тиімділігіне байланысты белсенді түрде қолданылады, - делінген мәліметте.

Жоба ҚазжолҒЗИ мамандарының ғылыми-техникалық жетекшілігімен жүзеге асырылып жатыр. Олар әртүрлі ауа райы және пайдалану жағдайларында тростық қоршаулардың тиімділігіне екі жылдық мониторинг жүргізбек. Тәжірибе оң нәтиже берген жағдайда, тростық қоршаулар қар басу қаупі жоғары учаскелерде дәстүрлі металл кедергілерге балама бола алады. Аталған қоршаулар қыс мезгілінде қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: