Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытатын жаңа жоба іске қосылды

24 Қыркүйек, 17:34 458

Astana Hub халықаралық технопаркі Қазақстанда жасанды интеллектіні (ЖИ) дамытуға бағытталған AI Movement ауқымды бастамасының іске қосылуын жариялайды. Бұл жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қойған тапсырма аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуы тиіс» деп атап өтті.

AI Movement үш бағытты қамтиды: Таланттарды тарту, Оқу және Ресурстар. Бірінші бағыт аясында жасанды интеллект саласындағы біліміңізді тексеруге және құнды сыйлықтар ұтып алуға мүмкіндік беретін Astana Hub мобильді қосымшасындағы ойын – AI Quest және жасанды интеллект шешімдерін, сондай-ақ өңірлерде ел бойынша жасанды интеллект технологияларын насихаттауды мақсат еткен Roadshow ұйымдастыруға бағытталған Қазақстандағы ең ірі мультилокациялық хакатон – Decentrathon 2.0. жобалары жүзеге асырылуда.

Екінші бағыт жасанды интеллект саласындағы білім деңгейін көтеруге бағытталған. Оған AI People Bootcamp (4 апталық онлайн интенсив) және «ЖИ негіздері: ChatGPT» онлайн курсы секілді қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді оқу бағдарламалары кіреді. Сондай-ақ Tomorrow School жасанды интеллект мектебін ашу және Tech Orda бағдарламасы аясында мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін арттыру сияқты оқу бастамалары қарастырылған. Бұл қадамдар жасанды интеллект саласындағы жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.

Жасанды интеллектіні жақсы түсіну үшін Astana Hub ашық түрде ЖИ стартаптары, ЖИ модельдерін меңгеруге арналған ашық дерек жинақтары туралы ақпарат ұсынады, сонымен қатар ЖИ стартаптарының дамуына қаржылық қолдау көрсететін AI’preneurs атты акселератор жұмыс істейді.

Жобада геймификацияға, яғни қатысушыларды тартып, оқу тиімділігін арттыру мақсатында ойын механизмдерін қолдануға ерекше ден қойылған. Бұл жасанды интеллектіні меңгеру процесін тек пайдалы ғана емес, сонымен қатар қызықты етіп, жаңа деңгейдегі мамандар қауымдастығын қалыптастыруға ықпал етеді.

AI Movement елдегі жасанды интеллектіні дамыту үшін кең мүмкіндіктер ашып, 2025 жылы ашылатын Ұлттық жасанды интеллект орталығын құруға негіз болады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: