Қазақстанда жасалған трансплантацияның 95 пайызында туған-туыстары донор болады – сенатор

21 Сәуір 2023, 15:20 1200

Қазақстанда ағза трансплантациясы және донорлық жөніндегі «На грани жизни» атты деректі фильмі жарық көрді. Фильмде Қазақстандағы трансплантация кезегінде тұрған және трансплантация жасатқан науқастардың оқиғасы баяндалған.  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі фильмнің тұсаукесеріне қатысып, басты кейіпкер және мамандармен әңгімелесіп қайтты.

Фильмнің басты кейіпкері – 55 жастағы Талғат Айнақұлов. Ол 7 жылдан бері жүрек трансплантациясына кезекте тұр. Дегенмен, жақында дәрігері донор табылып қалуы мүмкін екенін айтып, кезекті тексерістен өтуін сұраған.

«Мен сияқты жүрек ауыстыруды қаншама адам тағатсыздана күтіп жүр. Бұл өмірдің сыйы, маған берілген мүмкіндік деп білемін. Қазіргі таңда аппарат салынған сөмкемен жүрмін.  Әрине, 2 келі 850 грамм салмақты сөмкемен жүру оңай емес. Салмағы да ауыр, жүріп-тұрғанда да кедергі келтіреді. Сондықтан ауырмай, өз жүрегінмен, апаратсыз жүргенге не жетсін», - дейді Талғат Айнақұлов.

Қазақстанда ең алғашқы жүрек трансплантациясы 2012 жылы 8 тамызда жасалған. Трансплантация Прагадағы эксперименталды хирургия институтынан келген кардиохирургия департаментінің басшысы Ян Пирктің қатысуымен жүзеге асты.

«Ағза донорлығы туралы айтар болсақ, біздің елде операция өте аз жасалады. Мысалы, 5 миллионға жуық халқы бар Хорватияда жылына 50-ге жуық жүрек трансплантациясы жасалады. Бұл өлгеннен кейінгі донорлық көрсеткіш. Ал Қазақстан халқының саны 20 миллионға жақындады. Яғни төрте есе көп, бірақ бізде операция 10 есе аз жасалады, - дейді Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының төрағасы Юрий Пя. 

Оның айтуынша, кей елдерде тек туыстық трансплантацияларға ғана рұқсат берілген. Бұл туыстар арасында ақы сұралмайтынына байланысты болуынан да мүмкін. Кейін бүйрегін беруге әзір еріктілер пайда болды. Дәл сол уақытта бұл бизнеске де айнала бастағаны белгілі. Трансплантацияны дамытып жатқан елдер қол қойған Стамбұл конвенциясы аясында ағза ауыстыру ақысыз болуы мүмкін деген шарт бар.

Деректі фильм арқылы елімізде өткен алғашқы трансплантацияға қатысқан дәрігерлер де өз естеліктерімен бөлісті.  

«Әр трансплантация өздігімен ерекше. Алғаш  рет орталықта жүрек трансплантациясы жасалған кезде маған донорлық жүректі дер кезінде операция бөлмесіне жеткізу үшін жедел сатыны (лифт) ұстап тұруға тапсырма берді. Операцияға орталықтың барлық қызметкері қатысты десем артық емес, тіпті әлі күнге дейін солай. Осылайша, ота сәтті өтті, бізге шабыт сыйлағаны да жасырын емес», дейді Жүрек орталығындағы кардиохирург дәрігер Әсел Медресова.

Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының төрағасы соңғы 10 жылда елімізде донорлық трансплантация дамыған басқа елдердегідей дәрежеге жеткізе алмағындығымызды айтады. Бұған ақпараттың жеткіліксіздігінен бөлек, халық пен медицина қызметкерлерінің менталитеті де әсер ететінін жеткізді.

Бұл мәселе жөнінде Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова да бірнеше рет Үкіметке депутаттық сауал жолдап, елімізде трансплантация жөніндегі ақпарат ағымын кеңейтіп және Денсаулық сақтау министрлігінен тарифтерді қайта қарау керектігін жолдаған.

Трансплантация туралы фильмнің тұсаукесеріне қатысқан сенатор да осы мәселені біраздан бері зерттеп жүргенін айтты. 

«Қазақстанда жасалған трансплантацияның 95 пайызында туған-туыстары донор болады. Негізі басқа мемлекеттерде қайтыс болған азаматтардың ағзасын трансплантация жасау жолдары қарастырылған. Қазақстан Орталық Азиядағы трансплантация ісін қолға алған жалғыз ел. Донордың жоқтығынан елімізде жылына 300-400-ге жуық адам қайтыс болып жатыр. Беларуссияға, Түркияға барып ағза ауыстырып жатқан науқастарымыз да бар. Бұл жұмысты тек қана дәрігерлерге салып қоюға болмайды, - дейді Ақмарал Әлназарова.

Ол бұл жерде халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды екенін айтты. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан осы қызметке қойылған тарифтерді қайта қарау керек екен деп отыр.  

Бүгінде шалғай жатқан өңірлерден потенциалды донор табу, оның туған-туысқандарымен сөйлесу және мемлекет тарапынан беріліп отырған тарифі өте аз. Сондай-ақ, тарифтер де дәрігерлерді қанағаттандырмайды, донордың туған-туысқандары да ағзасын бергісі келмейтінін атап өтті.  

2020 жылы 7 шілдеде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Кодексі қабылданды. Кодекс бойынша трансплантацияның жүргізу тәртібі белгіленді.

Қазақстанның 18 жасқа толған барлық азаматтары өзінің қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа деген көзқарасын айтуға құқылы. Оны екі әдіс арқылы іске асыруға болады: тұрғылықты жері бойынша емхана арқылы өтініш білдіріп немесе eGov порталы арқылы өз келісімімен немесе бас тартуды белгілейді.  

«Бүгінгі деректер бойынша 3000-ға жуық азамат eGov арқылы немесе өзінің емханалары арқылы келісімдерін берсе, 28 мыңға жуық азамат келісімін бермей отыр. Сондықтан осындай фильмдер арқылы халыққа түсіндіру жұмыстарын жасау керек. Екінші жағынан Денсаулық сақтау министрлігі өз тарапынан онконто донорларды дайындау және анықтау барысында туған-туыстарымен жұмыс жасау үшін тарифтерді қайта қарау керек. Елімізде керемет ауруханалар мен ғылыми орталықтар бар және білікті мамандар бар. Ендігі таңда жұмысты күшейту маңызды», - дейді депутат.

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының шариғат және пәтуә бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі діни тұрғыдан ағза ауыстырудың шарттарын түсіндіріп өтті.

«Құранда кімде кім бір адамды өлімнен құтқарса, онда ол бүкіл адамды өлімнен құтқарғанмен тең болады делінген. Сондай-ақ, «Сендер өздерінді қауіп қатерге салмандар» деген аят бар. Пайғамбарымыз «Емделіңдер, Алла тағала әрбір дертті шипасымен бірге жаратты» делінген. Осы тұрғыда ағза ауыстыруға белгілі шарттар негізінде ғалымдар рұқсат береді. Бірақ оның шарттарын орындау керек. Яғни, донордың рұқсатын алу қажет, ағза сатылмау және жыныс мүшелеріне қатысты нәрселер болмау керек, сондай-ақ, қатаң бақыланған орталықтарда жасалуы тиіс- деді Бауыржан Әбдуәлі.

Донорлық жүректі жеткізу үшін уақыт шектеулі. Талап бойынша ағзаны алу мен трансплантация 4 сағат ішінде жасалуы тиіс. Бұл уақытты ұзарту мақсатында американдықтар Бостон қаласында «Transmedics» құрылғысын ойлап тапқан.

«Біздің тәжірибемізде ауа райы салдарынан донорлық жүрек тасымалдаған ұшақтың Астанаға қонуы мүмкін болмаған күн болды. Құрылғының күшімен ағзаны 15 сағат сақтай алдық. Бұл біз үшін ғана емес, әлем үшін рекордтық уақыт», - дейді Юрий Пя.

Трансплантация жасауға кезекте тұрған Талғат Айнақұлов ағза табылғанға дейін LVAD  апаратымен жүруге мәжбүр. Мемлекет тарапынан қарастырылған бұл апараттың бағасы да арзан емес, 35-37 миллион теңге тұрады.

25 жастағы Айжан Әбдісалы да жүрек трансплантациясына дейін LVAD апаратымен 4 жылға жуық жүрген.  Ұйықтаған кезде баласын емес, апаратты құшақтап ұйықтауға мәжбүр болғанын айтады. Тіпті, трансплантация жасағаннан кейін өзінің мінез-құлқы өзгергенін де айтып қалды.

«Маған салынған жүректің иесі өте байсалды, тұйық қыз болған сияқты. Менің мінезім ұшқалақ, сезімтал болатын. Ал трансплантациядан кейін болмысымдағы өзгерістерді өзім де байқадым.  Қазіргі таңда апаратсыз, өз жүрегіммен жүремін. Емін-еркін отырып тұрамын. Өмірдің өзі рахат екенін тіпті қарапайым суға шомылғанда сезінемін», - дейді Айжан Әбдісалы.

Трансплантация жасалғаннан кейін де науқастардың жағдайы бақылауға алынады.

«Біздің пациенттеріміздің көбі трансплантациядан соң үйленіп, балалы болып жұмыс істейді. Сондай-ақ, транспланттар арасында олимпиада ойындарына қатысып, алтын жүлдеге қол жеткізгендері де бар. Біз пациенттерімізге көмектесе алатынымызға, елімізде осындай күрделі оталар жасалатынына  өте қуаныштымын. Орталық Азияда бұндай операциялар тек біздің елімізде ғана жасалады», - дейді Жүрек кардио орталығының дәрігері Гүлжан Мырзахметова.

Айта кетейік, елімізде 3800-ден астам азамат трансплантация кезегінде тұр. 2012 жылдан бері небәрі 86 науқасқа жүрек трансплантанты жасалған. Жыл сайын кезек күтіп, донор тапшылығының салдарынан 300-ден астам науқас қайтыс болады.

 

 

Миражан Махан
Бөлісу: